Шымкентте биылғы Қала күні мерекесі апта бойы атап өтіледі. Бұл жөнінде бүгін қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай жергілікті БАҚ өкілдеріне арнайы ұйымдастырылған брифингте мәлім етті. Қыркүйек айының 23-30 жұлдызы аралығын қамтитын мерекелік бағдарламаны қалалық мәдениет бөлімі ұсынуда.
– Биылғы Қала күні мерекесі Елбасының жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласымен үндес, орайлас аталып өткелі отыр, – дейді Қайрат Ырзақұлұлы. – Мерекелік бағдарлама 23 қыркүйек, яғни, сенбі күні арнайы жалпықалалық сенбіліктен бастау алады. Кең ауқымды мәдени, спорттық шаралар көпшіліктің көңілінен шығуы тиіс. Мерекені қорытындылаған гала-концертке Қазақстан эстрада жұлдыздары – Қайрат Нұртас, Қыдырәлі мен Қарақат, Ерке Есмахан, Бейбіт Кушкалиев, Абай Бегей, «Формат» және «MBAND» топтары қатысады деп күтілуде.