Бадамдағы жаңа мектеп 15 қыркүйекте пайдалануға беріледі

519

Шымкент қаласына қарасты Бадам 2 елдімекеніндегі биыл жаңа мектеп табалдырығын аттай алмай қалған оқушылардың арманы енді 15 қыркүйекте орындалатын болды. Бүгінде мердігерлер құрылысты 98 пайызға аяқтап отыр. Алдағы бір аптаның ішінде мектеп ауласын абаттандырып, оқушылар үшін қажетті құрал-жабдықтарды орнату ғана қалыпты. Ал жаңа білім ошағының не себепті мезгілінде тапсырылмай қалғаны түрлі себептерге байланысты екен…

Аумағы 4 гектар алқапқа орналасқан бұл білім нысанының жобасы да ерекше. Ғимарат Бадам өзеніне жақын орналасқандықтан, су деңгейінен екі метрге көтеріліп, бетон қазықтар қағылған. Құрылысқа 5 жылдық кепілдігі бар мердігерлер оның сапасын іргетасынан бастадық дейді. Одан қалса биыл Жұлдыз елдімекенінің электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізіліп, жарық жиі сөнген. Ал ол өз кезегінде құрылыстың қарқынды жүруіне өз кедергісін келтіріпті.

Мектеп құрылысы 2015 жылы басталып, екі кезеңмен жүргізілген. Құны 900 млн теңгені құрайтын мұндай жобамен тұрғызылған 300 орынды мектеп облысымызда бар болғаны — үшеу. Қас беті иілгіш тастармен қапталған. Сала мамандары ол оқушылар үшін қауіпсіз әрі жылуды үнемдейді дейді.

Бүгінде мердігерлер мектеп ауласын абаттандырып жатыр, ал ауыл тұрғындары өз күштерімен Бадам өзенінен өтетін жаңа көпірдің құрылысына кірісіп кетіпті. Ендігі мақсат — жаңа мектеп ашылғанда оқушылардың қатынауын қамтамасыз ету.

Нұрлан Күдерұлы