«Газпромнефть — Битум Қазақстан» зауытында жаңа желі іске қосылды

417

Ашылғанына 5 жыл болған «Газпромнефть — Битум Қазақстан» зауыты мерейтойын қуанышты жаңалықпен бастады. Зауытта шығарылған өнімді сатылымға жөнелтудің жаңа тәсілі жұмысын бастады. Дәлірегі, мұндағы битумды ыдыстарға қауіпсіз әрі тез құятын болады.

Кәсіпорын битумды бөшкелерге құюдың автоматты желісін іске қосты. Енді осы автоматты желі арқылы тәулігіне 200 тонна битум бөшкелерге құйылады. Жылына 15 мың тонна өнімді қосымша құйып, қаптайды. Бұл өнімді жөнелту көлемін арттырып, қоршаған ортаға зиянын азайтады.

Игорь Миронов, «Газпромнефть – Битум Қазақстан» компаниясының бас директоры:
«Қазақстанда жылына 550-650 мың тонна битум жол құрылысына қолданылады. Бұл қажеттілік жыл өткен сайын артып келеді. Біз жол құрылысына арналған битум маркаларын шығарамыз. Зауыттың қуаттылығы тәулігіне 1000 тоннаға дейін битум өнімдерін шығаруға жетеді. Оңтүстік Қазақстан облысының қажеттілігін толықтай қамтамасыз етеміз. Бұдан бөлек Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл облыстарына битум жөнелтеміз. Көршілес мемлекеттерге де битум жөнелте аламыз. Биыл 200 мың тонна битум сатуды жоспарлап отырмыз. Өнім көлемі жылдан жылға ұлғайтылуда».

Расымен де «Газпром нефть» битумын қолдана отырып, Оңтүстік Қазақстан жолдарының үштен бірі салынды. Оның ішінде ірі жол жобасының – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансқұрлықтық дәлізінің автомобиль жолдары төселді. Зауыт қазір жол құрылысына қажетті 60/90 және 70/100 маркалы базалық битум шығарады. Дайын өнімді осындағы зертханада арнайы тексерістен өткізеді.

Темірхан Меңдіғалиев, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары: «Бұрын Қазақстанда битум мүлдем шығарылмайтын еді. Біздің ел 2000 жылдардан бастап жол салу мен жол жөндеуді еселеп арттырып келеміз. Соған сәйкес битумға деген қажеттілік өсуде. Ресейлік «Газпромнефть Битум» компаниясының өңірімізге келуі көп көмегін тигізуде».
Зауыт келесі жылдан бастап 280 мың тонна битум өндіріп, сатуға шығаруды жоспарлап отыр.

Жәнібек НҰРЫШ