Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында өңірдегі іскер азаматтармен кездесті. Жиынға Шымкент қаласындағы «Оңтүстік», «Тассай», «Бадам» индустиялды аймақтарында орналасқан 60-тан астам шағын және орта бизнес өкілдері мен облыс әкімінің орынбасары Б.Жамалов, тиісті сала басқармаларының басшылары, «Оңтүстік» индустриялды аймағы дирекциясының өкілдері қатысты.
Басқосуда өңір басшысы кәсіпкерлерге қолдан жасалатын кедергілер жойылып, бюрократияға жол берілмеу керектігін айтты. «Өңірдің өндірісін көтеріп және облыс экономикасының дамуына орасан үлес қосып отырған осы шағын және орта кәсіпкерлік саласы. Бүгінде кәсібін дөңгелетемін деген әрбір кәсіпкерге мемлекет бар жағдайды жасап отыр. Өздеріңіз кәсіпорын ашып отырған индустриялды аймақта Елбасының бастамасымен қолға алынған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында құрылған»,-деді әкім.
Бизнес өкілдерімен болған кездесуде отандық өндірісті дамыта отырып, сыртқы тауарды қыстарту және экспортты ұлғайту мәселесі талқыланды. Сонымен қатар, индустриялды аймақта орналасқан кәсіпорындар аумағын көгалдандыру мен бос жатқан жерлерді игеру жайы да қаралды. Онда облыс әкімінің орынбасары трансформатор шығаратын «Asia Trafo» кәсіпорыны өз қаржысы есебінен «Тассай» индустриалды аймағында шағын бау егетінін айтып, өзгелерге үлгі етті.
Кездесу барысында «Амир-А» ЖШС-нің директоры Айман Амирбекова «Оңтүстік» индустриялды аймақта құны 7 миллиард 11 млн теңге болатын металлургиялық зауыттың құрылысы жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Жылына 500 мың тонна металл бұйымдарын шығаруға қауқарлы өндіріс орны іске қосылғанда 260 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Айта кетейік, «Оңтүстік» индустриялды аймақта жалпы сомасы 55,8 млрд теңге болатын бес мың жұмыс орнымен 85 жоба жүзеге асырылуда. Оның бүгінде құны 21,4 млрд. теңге болатын 46 жобасы іске қосылып, үш мың адам жұмыспен қамтылып отыр. Ал «Бадам» индустриялды аймағында 14 жоба жүзеге асырылып жатса, бүгінде оның 3-уі іске қосылған. «Тассай» ИА бүгінде 27 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, оның 4-уі іске асырылған.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі