Мектебі жоқ елдімекенде жаңа білім ордасы пайдалануға берілді. Шымкенттегі Сәуле шағынауданында орналасқан №129 орта мектептің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысты. Заманауи талапқа сай бой көтерген нысанда 1200 оқушы білім алады. Мұнда оқушылар үшін қажет жағдай жасалған.
Сәулеліктердің бүгін қуанышында шек жоқ. Жаңа оқу жылымен құттықтай келген өңір басшысы ғимаратқа құтты болсын айтып, бүлдіршіндерге лебізін де білдірді. Заманауи талапқа сай жабдықталған білім ордасы 1200 орынға лайықталған. Мұнда арнайы лингофон кабинеті, спорт, акт залдары мен кең асхана қарастырылған. Білім күнінде Шымкент қаласы аумағында дәл осындай 5 мектеп пайдалануға берілді. Тағы үшеуіне қосымша ғимарат салынып бітті.
Сәуле мөлтекауданында бүгінде 9 мыңдай отбасы тұрады. 1300 бала — мектеп жасында. Олар осы маңдағы №76 мектепте қысылып-қымтырылып, өткен оқу жылын 3 ауысыммен бітірген болатын. Енді міне, елдімекен тұрғындарының өз мектебі бар.
Жыл соңына дейін тағы 9 білім беру нысаны ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Осылайша, өңірдегі 8 апатты және 12 үш ауысымды мектептердің мәселесі шешіледі дейді салаға жауапты жетекшілер. Ал қалған 23 мектептің құрылысы 2018-2019 жылдары жүргізіліп, апатты және үш ауысымды білім нысандарының мәселесі түбегейлі шешімін таппақ.
Мақпал Рысбаева