Сайрамдағы коммуналды проблемалар

Осыдан бірер жыл бұрын Шымкенттің құрамына енген Сайрам тұрғын алабының зейнеткерлері коммуналшыларға өкпелі. Ауыл тұрғындары қашан қалалықтар сияқты өмір сүреміз деп сұрайды. Себебі, елдімекен халқы ауыз суды әзірге тәулік бойы пайдалана алмайды. Сапалы жол да жетіспейді дейді тұрғындар.

Хавазмат пен Бахар көшесі тұрғындарының басы қосылса болды, коммуналды мәселелер жайын сөз қылады. Жолды тегістеуге билік тарапынан еш қолдау көрмеген соң тұрғындар ортадан қаржы жинап, өздері тас төсеп алыпты. Жақында қаланың құрамына енген сайрамдықтар енді Шымкенттің әкіміне үміт артып отыр.

Жаңа оқу жылы басталғаннан бері ата-аналар балаларының өмірі үшін алаңдаулы. Себеп – ұл-қыздарының мектебі Сайрамның орталығындағы көлік қозғалысы қаптаған көшенің бойында орналасқан. Ақсақалдар білім ошағының алдына жаяу жүргіншілер жолағы сызылса деген өтініштерін білдіреді.

Тұрғын алабындағы ең өзекті мәселе – ауыз су. «Су сағатпен беріледі. Тіршілік нәрінің қорын жасап алмасаң, қиын. Қалалықтар деген атымыз бар, әйтеуір» дейді зейнеткерлер.

Сайрамдағы коммуналды проблемалар

Сайрамдықтардың аманатын Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналды шрауашылық бөлімінің мамандарына жеткіздік. Шенеуніктер қаланың құрамына Сайрам, Ордабасы және Төлеби аудандарынан өткен 40-қа жуық ауылдың мәселесі басты назарда дейді. Облыс әкімінің қаулысы бойынша өңірде даму бағдарламасы қабылданған. Басты құжатқа сәйкес аталған ауылдарда коммуналды мәселелер кезеңімен шешіледі.

Республикалық бюджеттен бөлінген бір млрд теңгеден астам қаражатқа құрылыстың екінші кезеңінде екі су сорғыш стансасы, екіден су жинақтаушы және су мұнарасының құрылысы қарастырылған. Сондықтан сайрамдықтар сабырлық танытса, 2-3 жылда басты мәселелер шемімін табуы тиіс.