Шымкентке бүгін іс-сапармен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін аумақтық орталықта болды. Мекеменің тыныс-тіршілігімен танысып шықты. Министр ханым ондағы қызмет алушылардың да жағдайын білді. Содан кейін халықты жұмыспен қамту мақсатында қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысу үшін келелі жиын өткізді.
Министр ханым әлеуметтік көмекке зәру жандардың жағдайымен етене танысу үшін орталыққа арнайы ат басын бұрды. 600 ден аса қызмет алушыға арналған мекемеде мүмкіндігі шектеулі балалармен педиатр, терапевт, невропатолог, психиатр, травматолог-ортопед дәрігерлері мен мейірбикелер жұмыс істейді.Айта кетейік, орталықта балалардың ой-зердесін дамыту мақсатында ашылған Монтессори кабинеті мен заманауи құрылғылармен жабдықталған сенсорлық кабинет те бар.
Ал тәрбиешілер, деффектологтар, әдіскер, логопед мұғалімдері мен психолог мамандары әлеуметтік-педагогикалық қызмет көрсетеді. Тамара Дүйсенова бұл орталық әсіресе жұмысбасты ата-аналар үшін аса қажет екенін атап өтті.
Халықты жұмыспен қамту мақсатында қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы осынау келелі жиында талқыланды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиевтің сөзіне қарағанда жыл басынан бері облыста бір ғана «Өрлеу» жобасы аясында 13 мыңнан аса азамат тұрақты жұмыспен қамтылыпты.
Одан бөлек 18 мыңнан аса отбасына шартты ақшалай көмек берілген. Жоба аясында бүгінде 600-ден аса адам жеке кәсібін ашып, дөңгетеліп отыр дейді басқарма басшысы. Нәтижесінде әлеуметтік қолдаулар алатындар саны бүгінде облыста 27 пайызға төмендеп отыр.
Күнгей халқының жұмыспен қамтылу жайымен танысып шыққан Тамара Дүйсенова салаға жауаптыларға жұмысты ширата түсу үшін нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ министр ханым бағдарламаларға қатысты айтылған ұсыныстардың да ескерусіз қалмайтынын жеткізді.