Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт ауданының дихандары егістіктің әр гектарынан 20 тонна өнім алды. Бұл туралы аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы БАҚ өкілдеріне арнайы ұйымдастырылған пресс-тур барысында айтты.
Ауданда жалпы көп жылдық көшеттер аумағы 2300 гектардан асады, оның ішінде 600 гектарға жуығы жүзім болып отыр. Ал биыл өнім берген 1200 гектар жеміс ағаштарынан орташа есеппен 24 мың тонна өнім алынса, 413 гектар жүзімнен 6400 тонна өнім жиналды.
Осындай өнім көлемін арттыруға септігін тигізген кооперативтің бірі — Қазығұрт ауданы Қызылқия ауылындағы «Аманкелді» ЖШС базасында шілде айында құрылған «Аман Агро Сервис» жемістерді сақтау және дайындау ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Ауқымы бес ауданды құрайтын кооперативтің 38 мүшесі бар. Қазығұрт, Сарыағаш, Сайрам аудандары мен Шымкент, Арыс қалаларының шаруалары біріккен өндірістік кооперативтің 25 мың гектардан астам жері бар.
Соның 11 мыңнан астам жері яғни, 30-40 пайызы осы «Аманкелді» шаруа қожалығына тиесілі. Оның 500 гектары қарқынды бақ болса, олардан биыл 2 мың тоннадан астам жеміс жиналған. Ал олардан алынған өнімдердің жартысы Ресейге экспортталды.
Бүгінде кооперативке біріккен шаруалар серіктестіктің 2 мың тонналық жеміс-жидек тоңазытқышы бар қоймасын кеңейтіп, қайта жарақтандырып отыр. Мұнда сонымен қоса Европадан, Италия, Түркия, Голландиядан әкелінген жаңғақ пен 15 түрлі алма сұрпы және жүзім көшеттері өсіріледі. Сондай-ақ, кооператив мүшелері келешекте жеміс өңдейтін цех ашуды да жоспарлап отыр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Самат Мырзалиев