Бүгінгінің тәртіп сақшысы түр-тұлғасы сымбатты, келбеті келісті, адамдармен сөйлесе білетін, өз ісінің шебері болуы тиіс. Осындай спортшы жігіттің бірі Оңтүстіктегі Ордабасы аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет атқарады.
Бөлімнің ақпараттық орталығының технигі, полиция старшинасы Аязбай Самат Пәрменұлы — Қазақстанның футболдан спорт шебері. Қазақстан Республикасының және Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша полицейлер арасындағы шағын футболдан бірнеше дүркін жеңімпаз. 2005 жылы Көкшетау қаласында өткен республикалық спартакиаданың жеңімпазы. 2006-2008 жылдар аралығында Голландияда Эйберген қаласында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2006 жылы чемпионатқа әлемнің 132 мемлекеті қатысып, 1500 қатысушы арасынан әлемнің үздік қақпашысы атанған Самат Аязбайдың есімі полицейлер арасындағы шағын футболдың тарихына алтын әріппен жазылды.
Тәртіп сақшысы «Үздік қақпашы» атанып, Қазақстан туын желбіретіп, үлкен стадионда жүгіріп өткенде кеудесін мақтаныш кернеп, өзін бақытты сезінгенін ерекше тебіреніспен айтады. Әлем чемпионатының үздік қақпашысын анықтауда тойтарған соққылары, допты қағып алуы, әуелеп ұшып келген доптарды дарытпауы, пастарының дәлдігі және басқа да көрсеткіштері есепке алынған.
Сондай-ақ, Самат 2010 жылы Қырғызстанның Талас қаласында өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған. Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің атынан талай жарыстарда облыс намысын қорғаған Аязбай Саматтың еңбегі басшылық тарапынан да ескерусіз қалған емес. Еліміздің ішкі істер минстрлігінің алғыс хатына ие болса, облыстық ішкі істер департаменті тарапынан да бірнеше рет марапатталды. Айта кетейік, Самат Пәрменұлы ішкі істер органдарында 15 жылға жуық қызмет атқарып келеді.
ОҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы