«Ерекше жандар» бағдарламасының бүгінгі қонағы — Шымкент қаласындағы көзі нашар көретін балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатының оқушысы Сабина Есенғалиқызы Асқар.
— Көзі нашар көретін балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатында 4 сыныпта және №3 балалар эстетикалық саз мектебінде оқисың. Өнердің қай түріне қызығасың?
— Домбыра тартамын. Саз мектебінде домбыра класынан сабақ алып жүрмін. Бірнеше күй үйрендім. Алдағы уақытта күрделі күйлерді үйренуге ден қойып жүрмін.
— Күй тарту қиын емес пе?
— Басында қиын болатын. Бірақ уақыт өте келе бар ынтамды салып, үйреніп кеттім. «Жастар», «Өрнек», «Көкдөнен» күйлерін шерте аламын.
— Қандай арманың бар?
— Өзім оқып жүрген саз мектебін үздік бітіріп, колледжді жақсы көрсеткішпен аяқтап, үлкен сахналардан көрінгім келеді.
— Бос уақытыңда немен айналысасың?
— Кітап оқимын, домбыра тартамын. Үш сіңліме қараймын, анама көмектесемін. Отбасым үлкен. Атам, апам, әкем, анам, өзімнен үлкен әпкем бар, менен кейін үш бауырым бар. Мен Асқар атамның қызымын.
— Мектепте қандай пәндерді ұнатасың?
— Математика, әдебиет сабағы ерекше ұнайды.
— Кімдердің өлеңдерін оқисың?
— Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері ұнайды, жақсы өлеңдерін жаттап аламын.