«Ерекше жандар» бағдарламасының бүгінгі қонағы термеші, дәстүрлі әнші Жомарт Барлыбаев:
— Ән әлеміне қалай келдіңіз?
— Мектеп қабырғасында ән айтатынмын. Үш ішекті күй шебері Жарқын Шәкәрімнің шәкіртімін. Мектеп бітіргеннен кейін Досжан Төлеген ұстазымнан домбыра үйрендім. Үлкен сахнаға 2001 жылы Досжан ағамыз дем беріп сахнаға шығарды. «Шалқар термесі» байқауына қатысып жүлдегер атандым. Екінші орын алдым.
— Облыстық байқауларға қатысып жүрсіз, сол жайында айтып өтсеңіз…
— «Жанарым менің жүрегім» атты байқауға қатысып терме байқауынан бірінші орынды иелендім. Басқа да байқауларға қатыстым.
— Әннен бөлек спорт саласында да жетістіктеріңіз бар екен. Қай түрімен айналысасыз? Зағиптар қоғамының 80 жылдығына орай ұйымдастырылған спорт жарысына қатысқан екенсіз…
— Қазан айының 13-де өткен болатын. Дойбы жарысына қатысып, бірінші орын яғни, алтын медаль жеңіп алдым.
— Төлеби ауданының тумасысыз. Осы ауданда зағиптар қоғамы қаншалықты жұмыс атқаруда?
— Бізге аудандық «собезден» арнайы көмек беріледі. Кезекте тұрғандарға компьютер беріледі.
— Ауданда мүмкіндігі шектеулі жандардың шешімін таппай жатқан қандай мәселелері бар?
— Бізде жетекші жағынан мәселе бар. Төрт адамға бір ғана жетекші беріледі. Инватакси жоқ.
— Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
— Кітап оқимын, тоғызқұмалақ шахмат, дойбы ойнағанды ұнатамын.
— Кімдердің шығармаларын оқисыз?
— Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» кітабын оқимын. Мұхтар Әуезовтың кітаптарын қайталап оқыған ұнайды.
— Өзіңізді қалай жігерлендіресіз?
— Намаз оқимын, құран оқимын. Содан күш алып, өзімді өзім жігерлендіремін.
— «Өнерім көңіл шуағым» атты облыстық байқауға қатысқалы жатыр екенсіз. Осы туралы айтып өтсеңіз…
— Дәстүрлі ән номинациясы бөліміне қатысамын, оған халық әнін дайындаудамын.
— Облыстық арнайы кітапханада қандай қызметтер көрсетілуде?
— Брайль жүйесі бойынша, дыбысталған жүйе бойынша оқимыз. Аптасына екі үш рет мерекелік іс-шаралар өтіп тұрады. Соған қатысамыз.