Шымкенттің үздік термешісі мен дәстүрлі ән орындаушысы анықталды

Домбырашылар мен термешілер

Шымкент қаласының ең үздік термешісі мен дәстүрлі ән орындаушысы белгілі болды. Мектеп оқушылары арасында жыл сайын өтетін «Ұлы дал сазы» байқауы өз мәресіне жетті. Бірнеше іріктеуден өткен 20-дан аса жас өнерпаз финалдық сайыста бағын сынады.

Төрт жасында домбырамен достасқан Айгерім – қатысушылардың ішіндегі ең жасы. Таңдап алған туындысы да күрделі. Домбыраны шертуді үйретіп, әнге баулыған анасы екен. Бірінші сыныпта білім алатын жас өнерпаздың сахнаға бұл алғаш шығуы емес. Бұған дейін бірнеше жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп үлгерген. Бұл жолы да жас домбырашыны көрермен жылы қабылдап, ерекше қошемет білдірді.

Айгерім Кемелбек, №3 эстетикалық саз мектебінің оқушысы: «Жасым 7-де. Түрлі жарыстарға қатыстым. Сондықтан ешқандай қорқыныш жоқ. Ойдағыдай өлеңімді айттым. Маған ән айтқан, домбыра тартқан ұнайды. Болашақта әнші болғым келеді.»

«Ұлы дала сазы» терме және дәстүрлі ән орындаушылардың қалалық байқауы жыл сайын өткізіледі. Сайыс талабы бойынша 10 және 16 жас аралығындағы үміткерлер бір туындыдан орындайды. Үкілі бөрік киіп, қара домбырасын қолына ұстаған 20-дан аса қос бұрымды қыз бен ер балалардың жарысқа жақсы дайындықпен келгені бірден байқалады. Ән орындауда тәжірибесі аз болғанымен, талаптары таудай болашақ термешілер дәстүрлі ән орындаудың жілігін шағып, майын ішкен өнерпаздарды үлгі тұтады.

Ислам Көпжасаров, оқушылар сарайының директор орынбасары, ұйымдастырушы: «Байқауға білім ошақтары мен кәсіби білім беретін саз, өнер мектептерінен бір-бір оқушыдан қатысты. Қуантарлығы сол, жыл өткен сайын дәстүрлі ән айтуға, терме айтуға қызыққан жастар көп. Үміткерлерді ән орындау шеберлігін, аспапты иеруіне, сонымен қатар сахнада өзін-өзі ұстау мәнері мен киім киісіне де мән береміз. Барлық талаптар сүрінбей өткендер үздік деп танылады.»

Сонымен, жас өрендердің бойына ұлттық өнерді сіңіру, дәстүрлі әнді насихаттауды мақсат еткен байқаудың жеңімпаздары белгілі болады. Жасы кіші топтар бойынша Нұрсат Шымболат пен мереке Нұрай жеңіске жетсе, ересектер арасында Асқар Салиев пен Айдана Шымболат жүлдегер деп танылды.

Домбыраның құлағында шебер ойнап, құлақ құрышын қандырар әндерімен үздік деп танылған тағы бірнеше өнерпазға сайысты ұйымдастырған оқушылар сарайының ұжымы арнайы сыйлықтарды табыстады. Енді жеңімпаздар облыстық, республикалық термешілер мен дәстүрлі ән орындаушылар сайысына қатыса алады.