«Латын қарпіне көшу – заман талабы». Осы тақырыпта облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында бүгін дөңгелек үстел өтті. Әріп емес, әліпби ауыстырудың маңыздылығын жиналғандар жан-жақты талқылады. Мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыру, қолданыс аясын кеңейту жолында бұл ұлы өзгерістің оң ықпалы мол болары айқын.
Елімізде латын әліпбиіне қайта оралу туралы қоғамдық көзқарас 1994 жылы көтерілген болатын. Осы уақыттан бері бұл маңызды бастама көптеген жиындар мен ғылыми конференцияларға арқау болды. Өміршең бастама ақыры пісіп жетіліп, өзінің биік тұғырынан көрінді.
Жәнібек Тағаев, облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры: «Етек-жеңімізді жинап, егеменді ел болғалы бері ұсыныс айтылған болатын. Еліміздің аяққа тұрып, елдің әл-ауқаты көтерілген тұста латын қарпіне көшкеніміз бәрімізге дұрыс болды. Бүгінгі айтылып жатқан құттықтаулардың барлығы да елімізге тиімді дүние.»
Өткен аптаның жұмасында Елбасы латын әліпбиіне өту туралы жарлыққа қол қойғаны белгілі. Латын қарпінің қолданысқа енгізілуі 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Бұл туралы жиында сөз алған тіл мамандары ұлы жеңіске балады. Ұлт болып ұйысуымызға тигізер пайдасы зор десті.
Нармахан Бегалыұлы, ақын: «Қазақ әліпбиінің латын әрпіне көшуі көп жағдайымызды түзейді. Ел газеті «Егемен Қазақстанға» 2009 жылы сұхбат беріп, кейбір мәселелердің дұрыс жазылмай жүргенін айтқан едім. Ұлы бабамыз Қожа Ахмет Яссауи деп жазып жүрміз. «Я» деген әріпке желімделіп қалғанымыз не осы? Бір дыбыс — бір әріп болуы керек. Егер олай болмаса, онда тіліміздің көркі қашады, үніміз бұзылады. Яссауи деген сөз айшықты «Й» әрпімен жазылып, одан кейін «А» әрпі жазылуы керек еді.»
Бүгінде өркениетті елдердің 22-сі латын әліпбиін қолданады. Ал жарыққа шыққан ғылыми жаңалықтардың 70 пайызы латын қарпінде басылған. Демек өркениеттің өріне талпынған еліміз үшін бұл тарихи белес болып қалары сөзсіз.
Гүлжан Көшерова