Оңтүстікте шағын су электр станциясының құрылысы аяқталды

Оңтүстікте шағын гидро электр станциясының құрылысы аяқталды. Қазығұрт ауданында жылына 63,2 млн кВт электр энергиясын өндіретін станса іске қосылатын болды. Бүгіннің өзінде шағын станция орналасқан аумақтағы 4 елдімекенге тәжірибелік мақсатта бір ай мерзімге электр қуаты таратылып жатыр.

Бүгінде кәсіпорынның өндіріс ғимараты толық аяқталған. Тек құрал-жабдықтарды монтаждау жұмыстары тәмамдалса болғаны. «Salem Consultinq» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 400 млн теңге жұмсаған жоба осы аудандағы Үлкен Кескен каналында орналасқан. Қажетті технологиямен жабдықталған станция енді жылына 63,2 млн кВт электр қуатын өндіруге қауқарлы.

Сағатына 1000 кВт электр қуатын өндіретін гидро электр станциясында алдағы уақытта он адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бүгінде кәсіпорын Қызылқия, Қақпақ ауыл әкімдігіне қарасты 4 елдімекенге электр қуатын шығаруды бастап, сынақ мерзімін жүргізуде. Шығарылған электр қуаты Қызықсеңгір елдімекенінінің электр желісіне қосу арқылы аудандық «Оңтүстік жарық» мекемесіне әр квт-ы 16,71 теңгеден өткізіледі.

Айта кетейік, облыстағы 844 елдімекен толық электр қуатымен қамтылған. Биыл қазынадан қомақты қаражат бөлініп, 100 елдімекенді сапалы және тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету құрылыстары қызу жүріп жатыр. Жыл аяғына дейін 85 елдімекенде құрылыс аяқталып, тозығы жеткен электр жүйелері жаңартылатын болады.

Мақпал Рысбаева