Оңтүстік Қазақстан облысы кооператив құру бойынша республикада көш бастады. Қазірдің өзінде өңірде кооператив саны 158-ге жетті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен бринфингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков мәлімдеді.
Биыл облысымызда агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізіліп отыр. Басқарма басшысының айтуынша, биылғы 9 айда өңір шаруалары 376,5 млрд теңгенің өнімін өндірген. Оның 172 млрд теңгесі — мал шаруашылығына, ал 203,5 млрд теңгесі егін шаруашылығына тиесілі. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 57 млрд теңгеге артқан. Республика көлемінде ауыл шаруашылығы саласында облыстың үлесі 13 пайызды құрап, 2-орынды иемденіп отыр.
— Облысымызда ауыл шаруашылығына тартылған инвестициялар көлемі 23,7 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,2 есеге артты. Оның ішінде тамақ өнімдерін өндірудегі инвестиция көлемі 9,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2,6 есеге ұлғайып отыр. Сондай-ақ биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы экспортының көлемі 211,4 млн АҚШ долларына жетті. Ал импорт көлемі 320 млн АҚШ долларын құрады, — деді Серік Ордабекұлы.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі облыс бойынша 818,1 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 29,3 мың гектарға артқан. Шаруалар, сондай ақ, «Сыбаға» бағдарламасымен — 14 516 бас ірі қара, «Алтын асық» бағдарламасы негізінде — 26 230 қой, ал «Құлан» бағдарламасы аясында 2557 бас жылқы сатып алыпты. Ал суармалы жерлерді ұлғайту бойынша 3 106 гектар жерді ағын сумен қамтамасыз етіп, 1 057 гектар суармалы жер жаңадан іске қосылған.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі