Оңтүстікте «Өрлеу» жобасы сәтті іске асырылуда

343

Елімізде шартты ақшалай көмектің біржолғы төлемдеріне басымдық беріліп отыр. Атаулы әлеуметтік көмек тұрғындарға жеке қосалқы шаруашылығын дамытуға және жеке кәсіпкерлікпен айналысу үшін беріледі. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев осынау тәртіпті түсіндірді.

Басқарма басшысы халықты жұмыспен қамту мақсатында қолға алынып отырған барлық бағдарлама өз деңгейінде іске асырылып отыр дейді. Басқасын айтпағанда тұрғындардың кәсіппен айналысуына жол ашу үшін іске қосылған «Өрлеу» жобасын орындауда салаға жауаптылар өзге өңірлерге үлгі. Мәселен, жыл басынан бері «Өрлеу» жобасына қатысушылардың қатарында 900 ден аса адам өз ісін ашып, бүгінде жеке кәсіпкерлер қатарын толытқтырып отыр. Шартты ақшалай көмек алушылардың табыстары еселенген.

Ал келер жылдан бастап іске асатын жаңаша атаулы әлеуметтік көмек жүйесі халықты масылдықтан арылтып, кедейлік құрсауынан құтқарады дейді сала мамандары. Жаңа форматтағы көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-нан төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының іске асырылуы нәтижесінде де күнгей тұрғындарының екі қолға бір күрек табуға мүмкіндігі артып отыр. Осынау бағдарлама аясында еңбек нарығының сұранысына орай мамандық иесі болу мақсатында техникалық және кәсіптік білім алуға 4500-ден аса адам жұмылдырылған. Айта кетейік, 3 жылдан бері халқы тығыз өңірлерден халқы сирек орналасқан облыстарға халықты қоныс аудару жұмыстары атқарылуда. Осының шеңберінде Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына 686 мүшесі бар 163 отбасы қоныс аударды. Қазір өңірлердің аграрлы саласын ұршықтай иіріп отырған бұл азаматтардың баспанасы да бар, шаруасы да күйлі дейді басқарма басшысы.

Мақпал Рысбаева