Оңтүстікте туризм басқармасы құрылмақ

484

Сайрам ауданындағы Ханқорған қалашығы ашық аспан астындағы музейге айналатын болады. Қазақ тарихында ойып тұрып орын алатын мекен келешекте туристерді көптеп тартуда таптырмайтын орын болмақ. Сондай-ақ, облыста дербес туризм басқармасы құрылмақ. Бұл туралы облыс әкімі күнгейдегі археологиялық тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру бойынша өткен жиында мәлім етті.

Тасын түртсең тарихтан сыр шертетін шежірелі Оңтүстік өлкесі тағы бір тарихи кешенмен толықпақ. Ханқорғанда алдағы уақытта толық археологиялық қазба, реставрация және консервация жұмыстары жүргізіліп, ашық аспан астындағы музей жасақталмақ. Ханқорған бір қарағанда төбешік болып көрінеді. Қазақ даласында мұндай төбешіктердің талайы бар. Алайда бұл төбешіктің қазақ тарихында аса маңызды орны бар. Дәл осы төбеде қазақ елінің біртұтастығын сақтауда бар өмірін сарп еткен Абылай ханның оңтүстіктегі ордасы болған.

Амангелді Қабылбеков, Сайрам аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы: «Абылай хан өз кезеңінде қазақтың үш жүзінің басын қосуды арман етті, жоңғарлардан қорғап, сақтап қалды. Әр жерде оның резиденциясы болған. Қазақ мемлекетін аралау барысында дайын, қорғану қабілеті мықты яғни, осы жерде талай рет болған. Самарқанға бір жағдайға араласуға барған, бірақ түс көріп, қайтуға шешім қабылдаған. Содан қалың қол армиясына елдеріне қайтуға рұқсат берген. Осында бір жағдайларға байланысты бармағын тістеуге мәжбүр болған. Содан осы қорғанға келіп жатып, хан ием бақидан фәниге аттанған. Қайтыс болғаннан кейін Түркістанға жеткізу қиын, сондықтан жаңа сойылған жылқының терісіне орап, жеткізген».

Қазақ елінің қалыптасуына, мемлекеттің орнығуына ерен еңбек сіңірген Абылай ханның орны айырықша екені белгілі. Сондықтан да соңғы демі үзілген осы Ханқорған биігінде Абылай ханға алып ескерткіш орнатылса деген игі тілегі бар елдің.

Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі: «Ханқорған төбесіне шығып, зиярат еттік. Құран бағыштадық. Енді осы қалашық, тарихи ескерткіштер бойынша жұмыстар бастаймыз. Облысымызда есепке алынған тарих пен мәдениет үшін маңызы зор — 1281 тарихи мәдени мұра ескерткіштері бар. Оның ішінде сәулеттік ескерткіштер — 218, археология ескерткіштері саны — 1063-ті құрайды. Осы тарихи орындарымызға кезең-кезеңімен археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтіруіміз қажет».

Зерттеу жұмыстары жуық арада басталмақ. Жұмысшы тобы құрылған. Өңіріміздегі тарихи ескерткіштердің барын түгендеп, жоғын жоқтап, орнын толтыру жұмыстары осылайша қарқын алып отыр. Жиын барысында облыс әкімі дербес туризм басқармасы құрылатындығын мәлім етті. Бұл өз кезегінде күнгейде туризм саласының қарыштап дамуына өз септігін тигізері сөзсіз.