Киелі орындардың аумағында көріктендіру жұмыстары жүргізіледі

190

Шымкент қаласы Туризм басқармасы, туристік полицейлер, қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Рухани жаңғыру» бөлімі өкілдері мегаполистегі киелі орындардың бірі – Қызыр мұнарасының қазіргі жай-күйімен танысты.

Шымкент қаласы Туризм басқармасының басшысы Олжас Шынтаев пен «Рухани жаңғыру» бөлімінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева бастаған топ Сайрам тұрғын алабының ауыл би-ақсақалдары және жергілікті тұғындармен кездесті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Киелі жерлер географиясы» жобасына енген жалпыұлттық маңызға ие Қызыр мұнарасы қорғауды қажет етеді. Мұнараның айналасы қоршалғанымен, туризм саласының мамандары орнатқан QR коды бар тақтайша зақымданып, мұнараның маңайындағы консервацияланған жерлер де бұзыла бастаған.
Кездесуде Туризм басқармасының басшысы Олжас Шынтаев туристік полиция өкілдерімен бірлесе алдағы күндері сенбіліктер ұйымдастырып, тиісті басқарма, қоғам белсенділері мен оқушылар мен жастарды игі шараға тартатынын жеткізді. Сондай-ақ қаладағы өзге де киелі орындардың аумағында көріктендіру жұмыстары жүргізілмек.
Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Рухани жаңғыру» бөлімінің мәліметінше, үшінші мегаполисте «ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕРІ» арнайы жобасы бойынша 7 нысан республикалық, 8 нысан жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілген.

Шымкент қаласынан республикалық маңызы бар тізімге енген 7 нысанның барлығы да Сайрам тұрғын алабына кіреді. Алтауы қала құрылысы және сәулет ескерткіштерінің санатына енсе, қалған біреуі, яғни Сайрам қалашығы археологиялық ескерткішке жатады.

Атап айтқанда:
1. Абдель-Азиз баб кесенесі Сайрам ауылының солтүстік шетінде, ескі мазарат ішінде (ХІХ ғ ортасы);
2. Ибрагим-ата кесенесі Сайрам ауылының солтүстік-батыс шетінде, Ақ-су жолының оң жағасында (ХҮІІ-ХХ ғғ);
3. Қожа Талих кесенесі Сайрам ауылының орталығында (ХІХ ғ);
4. Мірәлі баб кесенесі Сайрам ауылының орталығында, ескі мазарат ішінде (ХІХ ғ соңы);

5. Қарашаш ана кесенесі Сайрам ауылының орталығында, мазарат ішінде (ХҮІІІ ғ);
6. Қызыр мұнарасы Сайрам ауылының шығыс шетінде (ХІХ ғ);
7. Сайрам қалашығы (Исфиджаб) Сайрам ауылындағы Сайрам-су өзенінің оң жағасында (ҮІІІ-ХҮІІ ғғ)
орналасқан.

Бүгінде «Ибрагим ата», «Қарашаш ана», «Әбдул Әзиз баб», «Мірәлі баба», «Қожа Салық» кесенелерінің аумағын қоршау, көріктендіру жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылымы реттелгені белгілі. Қаладағы қасиетті, киелі орындар мен туристік маңызы бар ескерткіштердің көбіне QR кодтар орнатылған.

QAINAR KÓZШымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы