«Салт-дәстүріміз қалып бара жатқанына қарным ашады»

527

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы — Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, дәстүрлі әнші, термеші Татьяна Бурмистрова:

    — Араға жыл салып жерлестеріңізбен қауышып отырсыз. Қалай қарсы алды?

     — Елге тосынсыймен келіп отырмын. 27 қазан күні «Әйелдің жасы 18» атты концерт бермекпін. 

       —  Елге есеп беру сынды… Дәл осы кештің ерекшелігі қандай болмақ?

   — Мектепте оқып жүргенімде домбырамен халық әндерін орындаушы едім. Бір жолы айтыстың финалы болды. Мәдениет басқармасының басшысы Қинаш Кенжебекұлы «Барып жүлделердің бәрін алып қайтпасаңдар, келмеңдер» деген болатын. Сонда 7 жүлденің 5-еуі біздің қанжығамызға байланды. Жыршы-термешілердің сайысына қатысып едім. Айтыстың шарты сондай болған. Сол кезде Гүлсім Әділбекова «Төлегеннің қоштасуын» сөзін, әуенін үйреткен болатын. Сол кезде бірінші рет термемен шыққан едім халықтың алдына. Терменің философиялық тереңдігін байқап мен бірыңғай термеге көштім. Сөздің құдіреті сондай әсер етіп жүрді. Ал қазір көбісі маған «техниканың заманы аранжировкамен айтарсыз» дейді. Қазір бұрынғы көне, жақсы әндер көп айтылмайды. Бәрі өзі әнші, өзі ақын, өзі сазгер, бәрі өзін дәріптеп жүр. Ескі әндер айтылмай қалды. Бұрынғы ақындардың жазған әндерін жарыққа шығарғым келіп отыр. Оркестрмен айтатын біраз әндерім бар. 2013 жылы өткен «Үш Татьянаның сағынышы» деген концертте ән айтқанымда бір кісілер «жақсы ғой оркестрмен айтқан, бірақ домбырамен айтқан әндеріңіздің орны бөлек» деп еді.

    — Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтарыңыз бар?

    — Өзімнің байқағаным өлең жәйдан жәй жазылмайды ғой. Қуанышта, мұңды кезеңде ақынның кеудесіне сыймай төгіледі ғой ән болып. Концертімнің атауын «Әйелдің жасы 18» деп қойғаным бекер емес. Орыстарда да «18 жас» деген әні бар. Людмила Зыкина орындайтын. Ал қырғыздың 18 жасын бала кезімізде естуші ек. Ал қазақтың «18 жасында» «Айналса күнді жер ана, байласа өмір тұра ма, әйелдің жасы 18, әйелдің жасын сұрама…» дейді. Сондықтан қазақтың әйелдері ылғи да 18 жаста, ол жаспен қоштаспайды да, ұмытпайды да. Сондықтан 27 қазанда болатын жүректі әнім осы болмақ… Қай жерге барсам да құрметтеп, қошеметтеп жатады. Елге келгенімнің өзі мереке. Сыртта жүргенде сағынамыз. Баяғыда бір келіншектің елін сағынып айтатын «Ақтолғай» әні өзіме ерекше ұнайды.

    —  Қазақы нақыштағы жыр, термелерді орындап жатқаныңызда қазақтың кең даласы, қазақтың шынайы болмысы елестейді көз алдымызға… Шығармашылығыңыздағы шеберліктің құпиясы неде?

     — Өзімнің шешем «шынымен мен сені тудым ба, осының бәрін қайдан білесің» дейді. Бұл да бір Құдайдың берген қасиеті шығар. Байқағаным домбырамен ән айтқанда қазақтың табиғаты оянатын сияқты. Қазақ тілін білмейтін қазақтардың өзі «45 жасыма келіп, бүгін мақтанышпен мен қазақпын деп мойындадым. Бірақ мен рухани кедеймін, түк білмейді екенмін, қалай мен осындай халге жеттім, мен қай жерден шатастым, мен не істеуім керек, мен сіз құсап сөйлегім келеді» деп ағынан жарылғаны бар. Біздің алақандай Алғабаста жырау болған жоқ, шешен болған жоқ осыған ұқсайын деп еліктейтін адам болған жоқ. Бір айтыстан қайтып келе жатқанда Көпбай Омаров пен Тәушен Әбуова сөз қағыстырып отырғанда «менің де осындай тіл байлығым болса, армансыз болар едім» дедім. Алла Тағала ниетке береді екен. Төбемнен құятын сияқты менің санама. Қай жерде қандай аудитория кездесетінін білмейсің ғой. Дайындалуға да уақытың жоқ. Әр елдің мінез құлқы әртүрлі. Қоятын сауалдары да әртүрлі. Сахнаға шығардың алдында баяғыда бір қожаның қызы айтып еді, «сенің қолдаушың Қаз дауысты Қазыбек би» деп. Ол қайда, біз қайда, Бәйдібектің топырағында кіндік қаным тамған осы жақ болса сенер едім, әй бұлар айта береді» деп. Тосын кездесу болғанда сөз қайдан келетінін өзім де білмеймін. Жоғарыдан беріледі ғой…

    —   Ең алғаш домбыраны қолыңызға ұстап, жыр дастан айтуды қайдан үрендіңіз?

     — Бала кезімде ауданға байқауға баратынбыз. Ұстазым Әбдіманап Сәрсенов физикадан сабақ беретін, әуесқой сазгер-тін. Бәріміздің дауысымызға лайықтап беретін. Бір жолы балмұздақ жеп, тамағым қарлығып қалды. Ағайым айтқан әуезді ала алмай қалдым. Өзіме ренжіп тұрғанымда бір топ бала домбыра тартып тұр екен. Қызығып кеттім. Ауырып жүргенде әке-шеше баланың айтқанын орындайды ғой әкем «не алып берейін» дегенінде домбыра дедім. Бірақ маған аккардеон әкеп берді. Оны ашып жаба алмадым. Домбыраны ақыры алғыздым. Ең бірінші «Келіншек» күйін үйренген едім.

    — Қазақы салт-дәстүрді насихаттап жүрсіз…

    — Жақында үлкен бір кісі маған «немеремнің тұсауын кестірейін» деп қолқа салды. Бала кезімде естуші едім «Қыздың тұсауын кеспейді, кезбе болады» деп. Қазір тұсауын кеседі де ат шаптырып той береді. Сосын кішкентай балада кеуде пайда болады. «Қызды қырық үйден тыймақ» түгілі бір үйден де тыя алмайды. Ертеңгі күні ол біреуге ізет көрсетпейді. Керемет той жасалып жатыр, ол шетелде оқып келеді. Сондай тірліктермен асыл қасиеттерден айырылып бара жатырмыз. «Тәлімін алса кімдерден, тіленер соған тағдыры» деген бар. Шетелден үйреніп келсе шетелге тартады. «Қызды үйден күйеуге ғана шығару керек» деген бар. Оқуға барған кезімізде түзу жүріңдер, жақсы қыз екен, жақсы ауылдың қызы екен десін» дейтін ауылдағы әжелер. Сөйтіп жақсы ана, жақсы әйел болуға баулитын. Бір қызым орыс мектепте, бір қызым қазақ мектепте оқыды. Қазақша оқыған қызым инабаттылау болып өсті. Ал орысша оқыған қызым еркіндеу. Сонда бізге тәрибелі қыз керек пе, оқыған қыз керек пе қоғамымызға. Оқыған қыз күйеуінің алдында иіліп тұрмайды. Ол шетелде оқып келеді. Мен қарсы емеспін. Бірақ ұлтымызға менталитетімізге келіспейтін сынды. Бір жыл бұрын ауылға барғанымда қолында баласы бар келін иіліп сәлем салған кезде көзіме жас алдым. Ізетке шетелде үйретпейді. Ізет ол қанымызда бар. Салт-дәстүріміз қалып бара жатқанына қарным ашады. Менің затым орыс. Бірақ қазақтың бар жақсылығын бойыма сіңіргенмін. Қызыма да, келініме де үйретемін. Келінім иіліп сәлем берген кезде қонақтар абдырап қалады…