«Шымкент қаласы — зың!» Бірақ бұл сөзді қаланың орталық көшелеріне қатысты ғана айтуға болады. Ал Асқаров, Гагарин, Бірінші мамыр атындағы көшелердің бойындағы қоқыстарды көргенде олай деуге аузың бармайды. Абай ауданы әкімдігінің мамандары болса «Тірлікті зың ету үшін тазалық мәселесіне келгенде тұрғындардың өздерін де жауапқа тарту керек» дейді. Көше бойын тазалауға жауапты мекемелердің де жұмысын ширатқаны жөн. Бұл көшелердегі жұмыстар «ЛТД тұрмыс» мекемесінің құзырына берілген. Олар көпқабатты үй аулаларындағы жұмыстарға да жауапты.
Абай ауданы бойынша көп қабатты үй аулаларын таза ұстап, шөбін шауып, қатты тұрмыстық қалдықты шығару міндеті «Спецавтотранспорт» мекемесіне жүктелген. Ауданда бар 500-ге жуық аулада осы жұмысты атқару үшін бар болғаны 20 жұмысшы бекітіліпті. Таңның атысы мен күннің батысына дейін қолдарынан сыпырғыш түспейтін азаматтардың айтуынша, қоқыс тазартуға жұмысшы саны жеткіліксіз, жұмысты толық қамту мүмкін емес.
Зоя Надулина, «Спецавтотранспорт» ЖШС Абай ауданы бойынша шебері: «Мен қарамағымдағы 10 адаммен не істей аламын? Мүмкіндігінше аулаларды сыпырып, қоқыстарын шығарамыз. Бірақ тендерді өткізетіндерден өтініп сұранарымыз — жұмысты жіліктеп бөліп тастамаса болар еді. Бізде қалай — ауланы бір мекеме сыпырса, бір мекеме ағашты қырқады, ал енді бір мекеме талдарды әктейді. Соңында «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» кебінін киіп қаламыз.»
Өз міндетіне немқұрайлы қарамай, әрекеттенген азаматтарға жергілікті тұрғындар да қол ұшын созады. Өздері тұратын аулаларының таза болуына қалайтындар да жоқ емес.
Еңбекші ауданы бойынша да тазалыққа жауаптыларды іздеп табу оңай емес. Мемлекеттік сатып алу конкурсын «Ақсемсер» ЖШС жеңіп алып, бірнеше компанияға үлестіріп берген. Ал ол өз кезегінде жауапсыздыққа әкеліп тірепті. Аудандағы аулалар лас.
Міне, осылайша «Шымкент қаласы — зың!» деген атты ұстап тұру үшін әлі талай тер төгу қажет секілді. Себебі шаһардың басты көшелері таза болғанымен, орамішілік жолдар көңілден шықпайды.
Нұрлан Күдерұлы