Жевакинді «тірілткен» Мәжит актер

319

«Себеп бар жаным, себеп бар, аспандағы жұлдыздар айтсаса да, себеп бар…» деп, Шекспирдің «Отеллосы» айтқандай, әр істің басталуында әйтеуір бір себептің болары анық.

Алматы облысының, бүгінде «Найманбай батыр» ауылы атанып отырған, кеңес одағы кезінде Әліби Жангелдин атындағы ұжымшарда дүниеге келген ҚР еңбек сіңірген артисі Мәжит Жамбылұлы Ілиясқаров ағамыз — 80 жасқа сергек жетіп отыр. Шаруа отбасында өмірге келген Мәжит ағаның өмір жолының өзі бірнеше мақалаға тетік болардай.
«…1957 жыл. Көктемнің соңғы мамыр айы. Алатаудың «Суықтөбе» сілемінің асты, «Беріктас» елді мекенінің ортасы… Қой төлдету науқаны. Әлтай деген қойшының сақпаншысымын. Сол иығымда үлкен қоржын. Еріп, езіліп жатқан қарды сылп-сылп басып, жаңа туған қозыларды шаранасынан ажыратып, қоржынның екі басын толтырып, жиып-теріп жүремін. Бәтеңкемнен су өтіп, ұлтаны бақа тұмсықтанып, оны ілдәлап баумен шандып, белінен айқыш-ұйқыш таңып тастағанмын. Екі көзім қарға қарығып, қып-қызыл боп қанталап кеткен. Сөйтім жүріп «Тілеуқабақты» шырқата салам. Серікбай дейтін мал доқтыры асығыс, астындағы атын ақ көбік қып, салып-ұрып жетіп келді де; «Андағы қозыларды киіз үйге таста да маған мінгес. Фестиваль өтіп жатыр. Ән айтатын адам таппай жүрміз. Сен байқауға қатысасың!» деп, әй-шәйға қаратпастан бөлімшенің орталығына алды да жөнелді. Содан не керек, «Бұғы мүйіз — Бесмойнақ» атты бөлімшенің №55 – жылқы зауыты «Дегересс» дейтін совхоз орталығының «Ұзынағашында» өткен байқау мен Жамбыл ауданы орталығында өткен байқаулардан өтіп, облыс орталығы Алматының сахнасынан бір-ақ шықтым. «Консерватория» деген сөзді бірінші естуім. Ол кезде он жылдық мектепті бітіріп, екі жыл еңбек етпейінше жоғары оқу орнына қабылдамайтын. «Дегересс»-тің он жылдығын 1955 жылы бітірген болатынмын. Халық артисі, профессор Асқар Тоқпановтың алдында «Қырықтықшы» деген этюдпен емтихан тапсырып, Құрманғазы атындағы Консерваторияның «Театр» бөлімі, Актер факультетіне қабылдандым. Содан бері міне, 60 жыл өтіпті?!.» деп күлімсірей еске алған, жықпылы көп тіршіліктің үлкенді-кішілі соқпағымен жүріп келе жатқан Мәжит Ілиясқаров ағамыздың 80 жасқа толған мерейлы жылы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театр сахнасында тойланғалы жатыр.
Сахнада жүзден аса роль сомдай жүріп, көрерменнің есіне сақталмай қалып жататын да актерлер жеткілікті.
Ал, Мәжит ағаның Мәскеу сапарында бір ғана Жевакинімен театр өнерін зерттеуші, ғылым докторы Л.И.Богатенкованың ғылыми зерттемесіне арқау болғанын қалайша мақтанышпен атамасқа?! Оқырманға нақтылы жету үшін, түпнұсқасын ұсынғанды жөн көрдім.
Л.И.Богатенкова: «Театр видит в Гоголе художника, который действительно «смеется сквозь слезы». Жалок и несчастен Жевакин у И.Ильяскарова, непрестанно преоделевающий свое полнейшее душевное и физическое бессилие. Но справиться с собой ему так и не удается. Нервы у него напрежены до предела. Каждое его движение ( и то, как он любовно протирает трубку носовым платком, и как пугливо реагирует на пахропывание Подколесина) выдает болезненную остроту его реакций. Он почти маникально ловит малейшее внимание к своей персоне. Его страдания захватывают зрительный зал… Конечено, спектаклю Шымкентцев очень повезло: в труппе оказался такой прекрасный исполнитель роли Жевакина. Но здесь дело не просто в уровне актерского мастерства. Здесь «срабатывают» те особые свойство личности и дарование актера, которые делают такими неожиданными его сценические создания, будь Мркуцио в «Ромео и Джульетта» или Жевакин. («Услышат и понять человека» Л.И.Богатенкова. Өнер баспасы 1987 г. Стр.190)
Міне, Актердің шынайы ойынына берілген баға!..
Мәжит ағамыз актерлік ойынымен қатар, замандастары мен театр жайлы «қалам тартып жүрген қаламгер» деп айтуға толықтай құқылымыз. Өзге жайлы жазуға ерінбейтін Мәжит ағаның музыкалық білімі мен этнографиялық танымы, кімді де болса таңқалырарлықтай?!
Актерлік жолдың қиыны мол сатысынан өте жүріп, 1962 жылы Оңтүстік өңіріндегі шығармашылық тарихы басталады. Жүрісі ширақ, қимылы қунақ актерді Қ.Шанин бірден байқап, сүбелі рольдерді сеніп тапсыра бастайды.

 

Сапар Өтемісұлы (ҚР еңбек сіңірген артисі) — Мәкеңді 1967 жылдан бері білемін. Міне, 50 жыл болыпты. Басты қасиеті – адалдығы. «Қасына» да, «досына» да бірдей адал. 200-ге жуық рольді сомдаудың қаншалық еңбек екенін елестетіп көріңізші?! Өмірде қандай болса – сахнада да тура сондай?! Жевакиніне тіл жетпейді. «Ең үздік ролі» десем жаңылмаймын. Кезінде Мәскеуліктер; «мұндай Жевакин болған емес?!» деп таңырқағаны неге тұрады?! Жамбасына түскен рольін ойнағанда?!. Б.Соқпақпаевтың пьесасында соғысқа бармаған ақсақ есепшіні ойнайды. Мен, спектакльде болмасам да, Мәкеңнің ойнағанын көру үшін, ылғи келіп көретінмін.

Р.Салова – Мәжит ағаның еңбекқорлығы кімге де болса үлгі боларлықтай. Жевакинін көрдім. Жевакинді ойнаған кезде, таз шапканың төбесінде қылдырықтай шашы бар. Соны сахнада қалай керемет ойнатады?! Әдемілеп сипалағанда, тура қою шашы бардай ойнататын. Саусақтарының қимылына дейін керемет сыйдыратын. Мен Дуняшаны ойнадым. Сахнада ойнап тұрып, Мәжит ағаның қолының қимылына аузым ашылып қарап қалатыным есімде.

Әнипа Қарабекова (ҚР Мәдениет саласының үздігі) – 1980-ші жылы театрға келген кезімде Мәжит ағаның «айналайын» деп сөйлегені жүрегімді жылытқан. Үлкен көмегі: Д.Исабековтің «Мұңлық-Зарлығында» Мыстанды ойнағанымда, баланы суға тастар кезімде Мәжит аға 8 қатар өлең жазып берді. Зарлатқанымда сол сахна өте жақсы шықты. Өте адал. Қанша жылдан бері бір адамды ренжіткенін естіген емеспін. Қарапайым ғана, бір ауыз сөзі бар эпизодтың өзіне ерекше дайындалатыны баршамызға өнеге.

Замандастарынан «Адал» деген баға алған Мәжит аға, бүгінде жұмысқа елден бұрын келіп рөлін жаттап, сахна сыртында режиссердің талабына дер кезінде дайын тұратын ең ұқыпты актер!
«…Анамның бір мұңды естелігі ойыма оралған сайын, сексенім сергелдең күйге түсіп, мазам қашады. Сонау 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі Бекболат Әшекеұлы 7-8 шілдеде Алматының батысындағы (шамасы 40 шақырым) Үшқоңыр деген жерде Жайылмыс болысымен өзге де көршілес болыстар көтерілісшілерінің басын қосып, Ресей патшасының Маусым жарлығын талқылайды. Жиында Бекболат батырдың ұсынысымен «тыл жұмыстарына адам бермеу» жөнінде шешім қабылданады. Сөйтіп, тамыз айының ортасында Бекболат батыр бастаған көтерілісшілер жақсы қаруланған жазалаушы отрядпен қақтығысады. Күші басым отрядқа төтеп бере алмаған көтерілісшілер қашып, Қытайға өтпек болады. Аттары болдырып, өздері әбден титықтап шаршаған босқын ел, соңғы асудан асарда күш жиып алу үшін бір сайда дамылдайды. Сол екі арада: «Ойбай, жазалаушы отряд кеп қалды?!» — деген айқай шығып, ел жапа-тармағай тау беткейіне өрмелеп, жан-дәрмені қалмай жанталасады. Асқандары асудан асып кетеді, аспағандары оққа ұшып, мерт болады. Апай-топай асығыста сай табанында тең-тең жүктермен бірге тарс-тұрс атылған атыстан шошып, шырқырап жылаған нәресте қыз бесігімен қалып кетеді. Отрядқа жол көрсетуші қазақтардың ішінде бір Байзақ деген кісінің баласы жоқ екен. Перзент қып бауырына басып, асырап алады. Сол қыз бойжетіп, тұрмысқа шыққан біздің анамыз – Сарқыт болып шығады.

Мен консерваторияны бітірген жылы анамның оңашада, іште жатқан шерін қозғап, көзінің шарасы жасқа толып, толғана айтқан толғақты сыры әлі есімде. Әкесі кім?! Шешесі кім?Ә Қазақ па, басқа ұлт па?.. Өйткені, тәжікше «шекараны» — «сарқыт» дейді екен. Кімнің Сарқыты болды екен, Анам? Білмейміз. Беймәлім. Осының бәрі жұмбақ мұнарымен қымпалып, құпия болып қалды. Сарқыт анам қалған өмірінде трактор айдап, егін екті. Шопан болып қой бақты. Таусылмайтын колхаздың маусымдық жұмыстарына жегіліп, күні өтті…» — деп, түп-тұқиянының тамырын таппай қиналған Мәжит ағаның естелігі, кеше соқтықпалы-соқпағы көп заманнын зары құлағына келгендей, мұңая үнсіз қалды…
«Өмір-теңізде» таусылған арман, қол жеткізген қиял бар ма?! Анасының тағдырына мұңайған Мәжит аға, бүгінде қадырменді ата, аяулы әке. Сергек жеткен 80 жасыңыз әр күнімен қуанта берсін, Мәжит аға!

Сая Қасымбек, драматург
Ж.Шанин атындағы академиялық
қазақ драма театрының
әдебиет бөлімің меңгерушісі