13 жыл бұрын кісі өлтірген қылмыскер Өзбекстанда ұсталды

382

Шардара АІІБ-нің жедел ізкесушілері жергілікті тұрғынды өлтіріп, іздеуде жүрген 36-жастағы Өзбекстан азаматын ұстады. 2004 жылы Шардара АІІБ-не жергілікті тұрғындардан Шардара өзенінің маңындағы 50 шақырым жерде қамыс арасында белгісіз азаматтың азаптап өлтірілген мәйіті табылғаны туралы хабар келіп түскен.

Полицейлердің тексеру барысында жәбірленушінің түр-тұлғасын анықтады. Механикалық асфиксия нәтижесінде қайтыс болған Мақтарал ауданының 1961 жылғы тұрғыны екені анықталды. Аталған жайт негізінде полиция бөлімінде «кісі өлімі» бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Күдікті тұлғаларды анықтау барысында полицияда іздеу ісі ашылып, ішкі істер органдары құрылымдарына және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге іздеу бағыты (ориентировка) жіберілді. Арада 13 жыл өткен соң Шардара АІІБ-нің полицейлері кісі өліміне қатысты күдіктінің Өзбекстан Республикасында жасырынып жүруі мүмкін екенін анықтады. Көрші мемлекетке арнайы жедел-тергеу тобы жіберіліп, жедел-іздестіру іс-шараларының барысында күдікті ретінде 1981 жылы туылған Өзбекстан азаматын ұстады.

Қазіргі таңда Минск конвенциясына сәйкес қылмыстық іс процессуалды шешім қабылдау үшін Өзбекстан Республикасына жіберілді.