Шымкенттің дәрігерлері бір аптадан бері ес түссіз жатқан науқастың аты-жөнін анықтай алмауда. Бұл азамат 14 қараша күні Мәртөбе тұрғын алабынан жедел жәрдем көлігімен жеткізілген. Ақ халаттылар оның миына қан құйылып, инсульт алғанын айтты. Ес-түссіз жатқан азамат жасанды аппаараттың көмегімен дем алуда. Мамандар азаматтың денесіндегі суреттерге қарап бұған дейін түрмеде отырған болуы мүмкін деп болжайды.
Дастан Өтепов, дәрігер-невролог: «14 қараша күні 45 жас шамасындағы азамат жеткізілді. Денесінде әр түрлі сурет бар. Түскен кезде жағдайы ауыр болды. Қазір тек жасанды аппаратың көмегімен дем алуда. Біз оны компьютерлі тамографияға түсірдік. Анықтағанымыз — миына қан құйылған. Яғни, инсульт алған.»
Егер бұл азаматты танитындар мен ол туралы ақпарат білетіндер болса, Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасының нейро-жансақтау бөліміне хабарласуын сұранамыз.