Шымкентте «сыпайы» жігіттер екі бойжеткеннің ұялы телефонын ұрлап кетті

264

Шымкентте сыпайы жігіттер екі бойжеткеннің ұялы телефонын ұрлап, қашып кеткен. Оқиға 14 қараша күні кешкісін сағат тоғыздар шамасында болды. Жәбірленуші қыздардың айтуынша, белгісіз екі жігіт бойжеткендермен танысып, ауыр сөмкесін үйіне дейін апаруға көмектескен. Кейін азаматтың біреуі анасына қоңырау шаламын деп сылтауратып, қыздардан ұялы телефон сұрап алған.

Айдана, жәбірленуші: «Дүкеннен шыққанда құрбым екеуміздің қасымызға екі жігіт келді. Олар қолымыздағы ауыр сөмкені көтеруге көмектесейік деп, сыпайылық танытты. Үйдің алдына дейін ауыр сөмкемізді көтеріп келді. Кейін біреуі телефоныңды бере тұршы деп өтініш жасады. Мен бердім. Телефонды алған күйі қашып кетті. Артынан қуып жете алмадым».

Артынша бойжеткендер полиция шақыртты. Телефоннан бөлек жігіттер қыздардың ақшасын да қолды етіпті. Полицейлер оқиға болған аумақты толық тексеріп шықты. Алайда ізін суытқан жігіттерді таба алмады. Сондай-ақ оқиға болған жерде бейнекамера жоқ. Сондықтан тәртіп сақшылары алаяқ жігіттерді ұстау оңай шаруа емес дейді.