Ж.Түймебаев: Қошқарата өзенінің бойын жаңалау қажет

598

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев қаладағы Қошқар ата демалыс аймағын аралады. Облыс басшысы аталған аймақты одан әрі дамыту  бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұл мәселелер Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру бағытында жүргізілуі тиіс.

Мәселен демалыс аймағында орналасқан жеке тұрғын үй секторын реттеу бойынша жоспарларға тиісті өзгерістер енгізіп, өзен бойына одан әрі көгалдандыру, абаттандыруға баса назар аударылатын болады. Сонымен бірге өзен бойындағы көне, тарихи ескерткіштерді қайта жаңғырту керек.

Бұдан бөлек облыс басшысы Шымкент қаласындағы өзендердің бойын кезең-кезеңімен абаттандыру бойынша тапсырмалар берді. Соған сай енді қала әкімдігі арнайы жоспармен жұмыс жүргізетін болады.

Жексенбілік аралау барысында Шымкент қаласындағы тұрғын үйлердің және т.б. нысандардың сыртқы қасбеттерін ретке келтіру мәселелері де назардан тыс қалмады.

Облыс басшысы сонымен бірге шаһардың өзіндік «Арбатын» ұйымдастыру мәселесін де қолға алуды тапсырды. Ол үшін Шымкенттің ең ыңғайлы тұсы таңдалынып, тиісті жобасы әзірленетін болады. Жоба арнайы талқылаудан өтіп бекітілген соң іске асырылады.

Жаңа «Арбат» жергілікті тұрғындардан бөлек сырттан келетін қонақтар мен туристер үшін де ерекше тартымды орынға айналады деп күтілуде. Бұл өз кезегіне туризмді де дамытуға ықпалын тигізеді деген сенім мол.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі