«Кімнің көзі тозақта жанбайды?»

1020

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы «Байғұт баба» мешітінің наиб имамы Ербол Қалшабеков:

     — Бүгін Отан және дін тақырыбында сұхбат жүргізбекпіз. Осы турасында не айтасыз?

    — Дін, Отан мәселесіне келер болсақ екеуі де қасиетті ұғымдар. Пайғамбарымыздың өзі Мекке қаласынан Медине қаласына қоныс аударатын кезде Хазрауа деген жерде түйесін тоқтатып, өзі туып өскен, кіндік қаны тамған Мекке қаласына қарап, «Алланың атымен ант етейін, егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда бұл қаладан бір елі де ажырамас едім» деген екен. Ұлтымыздың жанашыры Ахмет Байтұрсыновтың «Балам дейтін жұрт болмаса жұртым дейтін бала қайдан болсын» деген сөзі бар. Бұл дегенің еліне, дініне деген жанашырлықты ұқтырса керек… Пайғамбарымыз керемет бір хадисінде «Екі көз ақыретте, тозақта жанбайды, біріншісі күнәсі үшін өкініп, жалбарынып, түнімен жылап, бала-шағасының амандығы үшін өткен күнәсі үшін Аллаға тәубе еткен көз жанбайды. Екіншісі, өзінің Отанын қорғайтын, шекарада күзеткен азаматтардың көзі жанбайды» делінген. Исламда бес нәрсені қызғыштай қорғау туралы айтылған. Біріншісі өзінің Отанын, екіншісі дінін қорғау, үшіншісі өзінің ұятын, төртіншісі жанын, бесіншісі дүниесін қорғау екен… Тәуелсіздік деп жатырмыз, біз бұған емін-еркін қол жеткізе салған жоқпыз. Көптеген қиыншылықтар өтті, ата- бабаларымыз дұға етіп, өз жандарын пида етті, кейінгі ұрпақтың аманаты үшін қан кешті. Ең үлкен бақыт — Тәуелсіздікке қол жеткізу, ал одан да өткен бақыт — сол тәуелсіздікті сақтап тұру екен.

     — Тәуелсіздікпен бірге жан-жақты ақпараттық кеңістік пайда болды. Кез-келген қажетті де, қажетсіз де ақпаратқа қол жеткізу қиын емес қазір. Дінді сүйген әрбір азамат өз Отанын сүйе біледі деп айта аламыз ба?

     — Әрбір азамттың бойында имандылық болып, ата-анасын, туысқандарын құрметтеумен қатар, еліне деген, Отанына деген жанашырлық болуы керек. Өйткені әрбір азаматтың жапырақ жаяр жері өзінің Отаны, тамырын кеңге жаятын жері өз Отаны. Арабтарда «Отанды сүю- иманнан» деген қанатты сөзі бар. Отанға байланысты сөздер бекерден бекерге айтылмаған. Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймейсің» дегені бар… Намазын қаза қылмай жүргенімен ата анасының тілін алмай, оларды разы қылмаған адамның тілек дұғасы бұлттың арасында қалқып тұрады екен. Аллаға құлшылық етуден бөлек, ата-ананы разы етуден бөлек, Отанға деген, елге деген қызметті аямау керек.