Бүгін Шымкентте қос бірдей 9 қабатты тұрғын үй ел игілігіне берілді. Дәлірегі, мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 288 отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлап жатыр. Әкімшілік-іскерлік орталығында тағы да қоныс тойы! Жерлестерімізге пәтерлердің кілтін өзге емес, облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының өзі тапсырды. Көпшіліктің қуанышымен бөлісіп, арнайы құттықтады.
— Сіздердің қуаныштарыңызды көріп, мен де ерекше әсерге бөлендім. Құтты болсын! Бірақ, Сіздерге деген өтінішім бар! Енді үйдің сырты мен есіктік алдын, алаңшаларды ластамай, тиісінше тазалап, айналаға ағаш отырғызып, қаламызды абаттандыруға атсалыссаңыздар екен! Себебі бұл — Сіз бен біздің ортақ қаламыз!», — деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев.
Көпбалалы отбасының отағасы Бауыржан Әсерлиевтың қуанышында шек жоқ. Бізге жаңа алған 3 бөлмелі пәтерін қобалжып, ерекше екпінмен өзі таныстырды. Осыдан 6 жыл бұрын үй алуға кезекке тұрған жанұя бұған дейін жалдамалы пәтерді жағалап келіпті. Ал қазір 5 балалы отбасы «Нұрлы жол» бағдарламысының шарапатын көріп, көптен күткен қоныс тойын тойлауға кіріскен.
Бауыржан Әсерлиев, қала тұрғыны: «Расында пәтер жалдап, қиналып кетіп едік. Енді міне, өз үйіміз бар! Қуанышымызды сөзбен жеткізе алмаймын! Балаларым да шаттанып жүр. 3 бөлме жайлы екен. Жуыну бөлмесі мен әжетханасы да бөлек жайғасқан».
Шымкентте ел игілігіне берілген осы қос бірдей 9 қабатты тұрғын үйдің құрылысы жыл бұрын басталған еді. Енді жұмыстар толығымен аяқталып, мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 288 отбасы баспаналы болып отыр. Ал шымкент қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі мамандарынығң айтуынша, бұл жолғы үйлердің тұрғындарына ерекше жеңілдіктер қарастырылған. Яғни, әр бөлменің БІР шаршы метрі 100 теңгеге теңгерліп, айлық төлемақы небәрі — 5 немесе 6 мың теңгені құрайды.
Жұлдызай Ордабекова, Шымкент қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі коммуналдық тұрғын үй секторыныңмеңгерушісі: «Бұл тұрғын үйге қоныстанып жатқан азаматтар жылдар бойы кезекте тұрған. Пәтердің кілттері ҰОС ардагері, жетім және ата-анасының қамқорлығынан қағылған балалар мен халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, мемлекеттік және бюджеттік мекемелер, сондай-ақ әскери саланың қызметкерлері, жалғыз үйлері апатты деп танылған отбасыларға беріліп отыр. Үйдің сапасы өте жақсы екенін ерекше атап өткім келеді!»
Айта өтетін ақпарат. Бұл — 2018 жылы тұрғындарға берілген алғашқы үйлер. Жыл соңына дейін 1152 отбасы баспаналы болады деп күтілуде. Ал үйлі болу үшін қазіргі таңда 34 мыңнан аса жерлесіміз кезек күтіп тұр.