«Баспана дұрыс берілмей жатыр», «Кезегіміздің жылжитын түрі жоқ». Редакцияға қоңырау шалатын оқырмандарымыз осылай деп назын білдіреді. Пәтер жалдап,бір жерден екіншісіне көшіп жүрген олардың жанайқайы түсінікті де. Осы ретте Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөліміне хабарласып, халықты баспанамен қамтамасыз ету шаралары жайында сұрастырған едік.
34 100 адам кезекте тұр
Білгеніміз: соңғы 3 жылда қала халқының саны 25%-ке, ал тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны 126,6 %-ке артыпты. Шымкентте баспана кезегінде 34100 адам тіркелген екен. Олардың арасында 1 ҰОС ардагері, 1700 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала болса, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар – 12698, мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері – 19670, жалғыз баспанасы апатты деп танылғандар – 31 адам бар.
Осы орайда “халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобына кімдер жатады?» деген сауал туандады. Мамандардың айтуынша бұл категорияға:
— ҰОС мүгедектері мен қатысушылары;
— ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілгендер;
— 1 және 2 топтағы мүгедектер;
— Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары;
— ҚР Үкіметі бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;
— Жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;
— Кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
-Оралмандар;
-Экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;
-Көп балалы отбасылар;
-Мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
-Толық емес (асыраушысы жоқ, ажырасқандар) отбасылар жатады.
Яғни осы категорияға жататын азаматтар арендалық пәтерге қол жеткізе алады.
Баспана мәселесі шымкенттіктердің ғана емес, күллі қазақстандықтардың да бас қатыратын мәселесі.
Сондықтан елімізде «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасы қолға алынды. Бұл жобаның іске асқанына аз уақыт болса да халық шарапатын көріп үлгерді.
Мәселен, 2016 жылы шаһарда 69 үй пайдалануға берілген. Бұл — 4 286 отбасы пәтерлі болды деген сөз. Ал 2017 жылы 27 үй, яғни 1710 пәтер ел игілігіне берілді. Бұл үйлердің 16-сы арнендалық негізде, яғни баспана кезегінде тұрғандарға, 11-і «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына беріліпті.
Жоспар бойынша 2020 жылға дейін баспана кезегінде тұрған азаматтардың 80 пайызы арендалық баспанамен қамтамасыз етіледі. Қалған 20 пайызы пәтерді несиеге алады. Осылайша жыл сайын 4100 несиелік пәтерді ел игілігіне тапсыру көзделіп отыр,-дейді Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің жетекшісі Нұрлан Бектұрсынов (суретте).
Бүгінгі таңда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды кезекке тіркеу мемлекеттік қызметі халыққа қызмет көрсету орталықтары және «e-gov» электронды үкімет порталы арқылы жүргізіліп жатыр.
Коммуналды тұрғын үй қорынан жоғарыда аталған санаттардың ішінен ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне, сондай-ақ, кезекте тұрған жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тапсырылған тұрғынжайлардың 20 пайызы бірінші кезекте беріледі. Қалған санаттағы азаматтарға тұрғын үй әрбір тізімнің санына қарай барабар бөлінеді.
Кезекке қойылмайтындар бар
— Жалғыз тұрғынжайы ҚР заңнамасында көзделген тәртіппен авариялық деп танылған азаматтарға тұрғынжайы авариялық деп танылған елді мекеннен тыс жерде өтініш білдірген кезде,
— Соңғы бес жылдың iшiнде өз тұрғын үй жағдайларын қасақана нашарлатуы салдарынан мынадай жолдармен мұқтажға айналғаны:
— тұрғын үй-жайын ауыстырғаны;
— оның Қазақстан Республикасының белгiлi бiр елдi мекенiнде орналасуына қарамастан, өзiне меншiк құқығымен тиесiлi, тұру үшiн жарамды тұрғын үйдi иелiгiнен шығаруы;
— тұрғын үйдiң өз кiнәсiнен бұзылуы немесе бүлiнуi;
— тұрған кезiнде оның мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж болмаған кезде тұрғын үйiнен кетуi;
— жұбайынан, кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз балаларынан, сондай-ақ еңбекке жарамсыз ата-аналарынан басқа адамдарды тұрғызғаны анықталса, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғынжай беру үшiн есепке қоюдан бас тартылады.
Ал төменде көрсетілген жағдайлар орын алған кезде кезекке тіркелген азаматтар тұрғын үйге мұқтаждар есебiнен шығарылады:
1) мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй берiлуi үшiн негiздер жойылған, яғни санатын жоғалтқан, мұқтаждығы жойылған жағдайларда;
2) басқа елдi мекенге тұрақты тұру үшiн кеткен немесе мемлекеттік кәсіпорындағы немесе мемлекеттік мекемедегі еңбек қатынастарын тоқтатқан;
3) азамат мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй берiлуiне мұқтаждығы туралы шындыққа сай келмейтiн мәлiметтер берген;
4) жер учаскесiн алған және өзiнiң тұрғын үйiн салуды аяқтаған немесе тұрғын үй сатып алған жағдайларда.
Аудандарда да баспана беріледі
Биыл облыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында қызметтік тұрғын үйлер бой көтереді. Екі қабатты 10 пәтерден тұратын бұл баспаналардың құрылысын осы жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтау жоспарланған. Облыстық бюджеттен 1,6 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл қызметтік пәтерлер білім, медицина және құқық қорғау саласының қызметкерлеріне берілетін болады.
Атап айтсақ, Түлкібаста -3, Төлебиде -1, Отырар -2, Бәйдібек -2, Шардара -2, Созақта -2 және Арыста -2, Кентауда -3, Түркістанда -3 тұрғын үйден салынады.
Кезекке тіркелу үшін қандай құжат қажет?
Кезекке тіркелу үшін:
есепке қою туралы өтініш;
өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (өтініш берушінің жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады) және өтініш берушімен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінің (болған жағдайда) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
азаматтық хал актілерін (туу, қайтыс болу, неке қию (ерлі-зайыпты болу), некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу, бала асырап алу, әке (ана) болуды анықтау, атын, әкесінің атын және тегін өзгерту) мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің көшірмелері.
Өтініш берушінің отбасы мүшелері деп басқа адамдар танылған жағдайларда, соңғылары оларды өтініш берушінің отбасы мүшелері деп тану туралы сот шешімінің көшірмесін ұсынады;
өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінде жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы аумақтық әділет органының анықтамалары.
Өтініш берушіде және/немесе оның өтінішке енгізілген отбасы мүшелерінде жеке меншік құқығында тұрғын үйдегі үлесі болған кезде құқық белгілеуші құжаттардың көшірмелері ұсынылады;
мекенжай анықтамасы;
халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтар қосымша өтініш берушінің (отбасының) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататынын растайтын құжатты, сондай-ақ отбасының әрбір мүшесіне (мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелейтін отбасыларды қоспағанда) соңғы он екі ай ішіндегі табысы туралы мәліметтерді ұсынады;
мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар жұмыс орнынан (қызметтен) анықтаманы қосымша ұсынады. Ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер Қазақстан Республикасының Үкіметі беретін мәртебесін растайтын құжатты ұсынады;
жалғыз тұрғын үйі авариялық жағдайда деп танылған азаматтар жергілікті атқарушы органның тиісті анықтамасын ұсынады;
отбасы тұратын тұрғын үй белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмеген жағдайда, өтініш беруші санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымы жүргізген санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың нәтижелері бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі берген санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының түпнұсқасын қосымша ұсынады;
отбасы тұратын тұрғын үй белгіленген техникалық талаптарға сай келмеген жағдайда, өтініш беруші сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы аттестатталған сарапшының техникалық қорытындысының (тұрғын үйді техникалық зерттеп-тексеру нәтижелері бойынша) түпнұсқасын қосымша ұсынады;
жапсарлас, оқшауланбаған тұрғын үй-жайларда екі және одан көп отбасы тұрып жатқан жағдайда, өтініш беруші өзі тұратын тұрғын үй-жайдың техникалық паспорты мен құқық белгілейтін құжатының көшірмелерін қосымша ұсынады;
отбасы құрамында кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын науқастар бар, бір үй-жайда (пәтерде) олармен бірге тұру мүмкін болмаған жағдайда өтініш беруші тиісті ауру түрін растайтын құжатты қосымша ұсынады.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ