Қала әкімінің күрмеулі проблемаларды шешуге арналған жоспары бар

571

Шымкент қаласының әкімі қызметіне тағайындалғанына 100 күн де толмапты. Бүгін Нұрлан Сауранбаев қала тұрғындарымен есепті кездесуін өткізді. Өткен жылы қалада атқарылған жұмыстарды баяндады.

Еліміздегі үшінші мегаполистің дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту аясында әкімдік тарапынан біршама жұмыс атқарылғанын жеткізді. Облыс орталығының шеткі аудандарында қордаланған коммуналдық мәселелерді шешу жоспарын жасап, тұрғындармен бөлісті. Жергілікті халықтан жіберген қателіктерін естіп, ұсыныстарын түртіп алды.

Еліміздегі үшінші мегополис Шымкент шаһарының бүгінгі көрінісі көз қуантады. Биік ғимараттар, кең жолдар мен әсем көшелер. Өткен жылы атқарылған жұмысын қорытқан қала басшысының баяндамасы осындай позитивті нотада басталды. Қала әкімі Нұрлан Сауранбаев шаһардағы күрмеуі көп мәселелерді де ұмыт қалдырмады. Жеке-жеке тоқталып, шешілу жолдарын айтып берді. Бұған дейін аудан әкімдерінің есептік кездесулеріне қатысып, жиі көтерілген ТҮКШ саласындағы жол, жарық, көгілдір отын, ауызсу, жолаушылар көлігі және мектепке оқушылардың қауіпсіз қатынауы сынды сауалдарға тоқталды.

Нұрлан Сауранбаев, қала әкімі: «Әрине біз бұл мәселелердің бәрін кезең-кезеңімен шешеміз. Дей тұрсақ та алда атқарылар жұмыстарды да айтсам. Металлург және Фосфоршылар сарайын қайтарып алу мәселесінде жұмыс жасап жатырмыз. Бозарық подстанциясының құрылысын да аяқтауымыз қажет. Қошқар ата, Ескі қалашық және Шымкент сити қалашығындағы құрылыстарды жалғастырамыз».

Шымкент қаласын үш айға жуық басқарған Нұрлан Ермекұлының бұл жоспарлары қала тұрғындары мен зиялы қауымның көңілінен шықты. Тұрғындар да қарап қалмай, өз ұсыныстарын айтып жатты. Облыстың құрметті азаматы Байдулла Қонысбеков Қонаев даңғылын созу қажет деп санайды. Атқаратын тірлігін халыққа баяндап отыруды тапсырды. Ол үшін БАҚ-мен тығыз жұмыс жасап, ашықтыққа бет бұруға шақырды.

Байдулла Қонысбеков: «Облысымызды төрт жыл басқарған Бердібек Сапарбаев халықпен жиі кездесетін және БАҚ-мен жұмыс жасай білетін. Сіз журналистерді пайдаланып халықтың жеткізе алмай жүрген мәселесін біле аласыз».

Есептік кездесуге келгендер көкейдегі сауалдарын жеткізуге тырысты. Басым бөлігі аудан әкімдері мен бөлім басшыларының барлық кездесулерінде айтылған проблемаларын қайта көтеріп жатты. Бұл сұрақтарға қала әкімі баяндамасында жүйелеп жауап бергендіктен жиынды облыс әкімі өзі қорытындылады.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, облыс әкімі: «Қала әкімі жаңадан келген, оның нағыз есебі келесі жылы болады. Әрине сауалдардың бәрі айналып келгенде көлік, су, жол сол төрт, бес мәселенің төңірегінде. Ол болған және болады. Бәрі өз кезегімен шешіледі және шешіліп те жатыр».

Шаһарға келгеніне үш айға жуықтаған Нұрлан Сауранбаев аз уақыттың ішінде Шымкенттегі бірқатар мәселелермен толық танысып үлгеріпті. Көпті қуантқаны күрмеулі проблемаларды шешу үшін жоспар құрғаны болды. Ал оның қалай жүзеге асатыны уақыт еншісінде.

Нұрлан Күдерұлы