Облыстық опера және балет театры көрермендеріне кезекті қойылымын ұсынды. Өнер ұжымы композиторлар Латиф Хамиди мен Ахмет Жұбановтың ұлттық классикалық «Абай» операсын сахналады. Шоқтығы биік туынды театр репертуарының мақтанышына айналған.
Айдос Иманжаппаров — Опера және балет театрының белді әртістерінің бірі. Оған баритондардың қазақ операсындағы шыңы саналатын қойылымда бас кейіпкер Абайдың рөлін сомдау бұйырған. Белгілі әртіске күллі қазақтың ұлы тұлғасы Абайдың образын алып шығуда қиналған тұстары болыпты.
Айдос Иманжаппаров, Халықаралық байқаулардың лауреаты: «Ұлы ғұлама, ұлы тұлға Абай атамыздың рөлін сомдаудың өзі бір бақыт. Мен үшін дебют. Сол себепті де аздап қобалжу басым болды. Дегенмен көрермендеріміздің жылы қабылдағанын көріп, жақсы алып шықтым деп ойлаймын».
Операда басты кейіпкер – Абайдың өмір сүрген заманындағы қазақ елінің қоғамдық-әлеуметтік тұрмысы суреттелген. Сонымен қатар әртістер ұлы ойшылдың көмекке мұқтаж жандар үшін бай-бағландарға қарсы күресін де шынайы көрсете білді. Осы көріністер халық әндерімен әдемі жарасым тауып, көрермен көңілінен шықты.
Хамида Олжасова, көрермен: «Жақсы қойылым болды. Театр ұжымына мың алғыс. Осындай жоғары деңгейде өнер көрсетіп, өз рөлдерін шебер алып шыққаны үшін. Біз Абай өмір сүрген замандағы оқиғаларға куә болдық. Бізге сондай сезім сыйлаған әртістерге алғысым шексіз».
Операның мазмұны, кейіпкерлердің бір-бірімен қарым-қатынасы, жақсылық пен жамандықтың шиеленісі ерекше музыкамен әрленіп, келушілердің ешбірін бей-жай қалдырмады. Айта кетейік, жақсылық пен жамандықтың бір-біріне қарсы күресін айқындайтын қойылым жыл соңына дейін театр сахнасынан түспейді.