Шынайы сезімге толы шытырман қойылым

640

Облыстық опера және балет театрының залына жиналған көрермен 1890 жылғы жастардың адал махаббатқа жету жолындағы күресіне куә болды. Операда шынайы сезіммен қатар сатқындық та бейнеленген. Қарама-қайшы әрекеттермен шытырман оқиға көрерменді өзіне бірден баурап алды.

Бұл Пьетро Масканьидің әлемге әйгілі, ең үздік шығармаларының бірі «Сельская честь» операсы. Сюжеті талас-тартысқа толы қойылымды театр әртістері жиналған қауымға шынайы жеткізе білді. Опера кейіпкерлері арасындағы қарым-қатынас пен шиеленіс әуезді музыкамен әрленіп, көрермендерді әсерлендірмей қоймады.

Дәулет Жәнібек, көрермен: «Опера өте жақсы деңгейде өтті деп айта аламын. Бұл менің сүйікті операм. Сол үшін бүгін арнайы ерте келдім. Әртістердің дауысы әлі құлағымда. Керемет әсер алдым. Осындай сапалы қойылымдар жиі болса екен деген тілегім бар. Барлық әртістерге сәттілік пен қатар шығармашылық табыс тілеймін. Көріп отырғандарыңыздай көрермен де көп. Нағыз өнердің өз көрермендері болады. Ерекше көңіл күйде тұрмын».

Осынау ауқымды қойылымның басты кейіпкері Туриддудың партиясын орындау театрда ұзақ уақыт бойына қызмет етіп келе жатқан Халықаралық байқаулардың лауреаты Ерлан Жандарбайға бұйырыпты. Белгілі әртіс қойылым барысында өз партиясын шебер орындаумен қатар, көрермендермен байланысты үзбеуге тырыстым дейді.

Ерлан Жандарбай, Халықаралық байқаулардың лауреаты: «Бұл партияны мен бірінші рет орындап тұрмын. Мен үшін дебют. Мен өз рөлімді көп оқып, музыкалық жағын көп зерттедім. Өйткені бұл үлкен жауапкершілік. Сонымен қатар, көрермендермен байланысты үзбеуге қатты тырыстым. Өйткені көрермен әрбір образымызға сенуі керек. Егер біздің әрбір қимылымызда шындықтың мәні жатпаса көрермен күдер үзеді. Сондықтан бізде актерлік шеберлік те өте үлкен рөл ойнайды».

Айта кетейік, қойылымның премьерасы өңірімізде өткен жылы сахналанған болатын. Ал, бұл жолы басты кейіпкерлері алмасқан. Ауқымды туындыға опера және балет театрының сүйемелдеуші оркестрімен қатар барлық бишілер мен солистер тартылған.

Жанерке Хумар