«Әке, мені «вешірге» жіберші»

724

Бүгінгі ән мәтіндерін тыңдап отырып, бас шайқамасқа амал кем. Абайдың әндері деп әріден қозғамай-ақ қояйық, берідегі Шәмші әнін жазған мәтіндермен жылап көрісетін күнге жақындап қалдық-ау.

Бүгінгі әндердің бұрынғы әндердің қолына құманмен су құйып беруге жарамай қалғаны жасырын емес. Бәрі емес, әрине басым бөлігі. Арзан ұйқастардан құралған соң ба екен, Абай айтпақшы, «құлақтан кіріп, бойды» алмайды. Махаббатыңды оятпайды, сезіміңді тербемейді. Расы осы…

Жуырда жапырақтарды жылатып ән айтатын әншіміздің «Әкеме айтшы мама, жіберсін вешірге. Жас емеспін мен енді, қорқады несіне?» нобайындағы әнін тыңдап құлағымызды басып, қатты сасып қашып кетуге сәл қалдық. Сахна түгілі көшеде, кішігірім «вешірде» айтуға ұялатын әнді қалайша соншама қаржы шығарып жазды екен? Бас шайқамасқа амал кем…

Бірақ әй қайдам, әншілердің кейбірі хит қуамыз деп ит болып жүргендерін неге түсінбейді екен? «Бұлбұлы сайрамаған елдің қарғалары қарқылдайдының» кері ме деп қаласың кейде.

Өрлігіңді шабақтап оятып, әлдеқашан есінеп кеткен рухыңды желпуі тиіс ән-сымақтарды естіп шынайы өнердің шын жанашырлары азайып бара жатқандығына өкінесің. Есірік эстрадаға еліткен жастар тез танымал болудың жолына түскенде олардан мәнді, мағыналы ән сұрау да орынсыз-ау.

Қарадүрсін, қойыртпақ дүниемен өзін де, өзгені де ұялтып жүр осылайша…

Гүлжан Көшерова