«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы ОҚО Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Әбдімұхан Шынтаев:

– Абай саябағындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған мемориал жаңа есімдермен толығыпты. Осы жөнінде тарқатып айтып берсеңіз?
– Облыс әкімінің қаулысымен 2010 жылы Даңқ мемориалын орнату туралы шешім қабылданған болатын. Оған кімдердің есімдері енгізілуі керектігі де нақтыланған болатын. Оңтүстік Қазақстан облысынан 1939 жылдан 1945 жылдар аралығында Ұлы Отан соғысына шақыртылған барлық азаматтардың аты жөнін жазу керек деп шешілген. Осының негізінде жергілікті әскери органдары, басқа да ұйымдармен бірлесе отырып мұрағаттық құжаттар, есептік құжаттарды көтере отырып соғысқа аттанғандардың аты жөні нақтыланған болатын. Ешкімнің аты-жөні қалып кетпесін деген ниетпен БАҚ -да тізімдері де жарияланды. Ол жерге осы күнге дейін 140 мыңнан астам оңтүстікқазақстандықтардың аты-жөндері енгізілген. Арада қаншама уақыт өтсе де енгізілмей қалған, мұрағаттық қағаздарға ілікпей қалғандар шығып жатыр. Былтыр 31 азамат анықталды. Бүкіл мұрағатты көтерген боалтынбыз. Алайда енгізілмей қалған жандар бар болып шықты. Егемендік алғаннан кейін тарихи отанына қоныс аударғандар бар. Осында тұрып, кейін көшіп кеткен азаматтар аталарының есімін енгізуге ұсыныс жасап жатқан жайы бар. Қазір Ресей федерациясы ҰОС-на қатысты құжаттарды бір орталық мұрағатқа топтастырып отыр. Подольск қаласында. Осы мұрағаттық құжаттар өзінің құпиялылығын жоғалтқаннан кейін азаматтарға қолжетімді болуы үшін интернет ресурстарға қойылған.