Ақ халаттылар замана талабына сай қызмет көрсетуі тиіс. Ол үшін денсаулық сақтау ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту қажет. Бүгін тілшілер алдында өткен жылды қорытып, есеп берген денсаулық сақтау басқармасының басшысы биыл медициналық ұйымдардың әлеуетін арттыруға бар күшімізді саламыз деп отыр. Жергілікті дәрігерлердің өткен жылы бітірген шаруалары көп, алдағы жоспары да аз емес.

6 миллиард 200 миллион теңге. Былтыр жергілікті медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жасақтау үшін қыруар қаражат жұмсалыпты. Бүгінде тиісті құрылғылырмен жабдықталған емханалар мен ауруханалар замана талабына сай қызмет көрсетуге сақадай сай дейді сала басшысы. Айтуынша облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа 30 нысан салынған. Биыл бұйыртса, қос бірдей диспансердің құрылысы басталатын болады.

Салада көптен бері шешімін таппай келе жатқан түйіткілдің бірі – қызмет көрсететін ұйымдардың жетіспеушілігі. Басы ауырып, балтыры сыздағанда қайда барарын білмейтін кей сайрамдық, мақтаралдық тұрғындар үшін жағымды жаңалық. «4 бірдей емдеу мекемесінің құрылысына бизнес өкілдерін тарту жоспарда бар», – деді өңірдің бас дәрігері. Сала басшысы вакцинациялау жұмыстарының да ойдағыдай жүзеге асып жатқанына сендірді.

Ақ халаттылардың біліктілігін арттыру да сала басшысының тікелей назарында. Жергілікті ақ халаттылар қазір медицинасы озық Оңтүстік Корея, Ресей, Франция елдерімен әріптесітік байланыста жұмыс істейді.Ал республикалық ғылыми орталықта бір жылдың ішінде 3 мыңнан аса маман білген-түйгенін арттырған.

Мақпал Рысбаева