Жемқорлықтың алдын алу үшін 5 пилоттық жоба қолға алынған

0

Шымкентте былтыр 1 жемқорлық тәуекелі анықталған. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасының басшысы мәлім етті. Қаламыздың бас дәрігерінің сөзінше пара алу дерегі бойынша 6 шағым түскен. Алайда оның бәрі бірдей дәлелін таппапты.

Шымкенттік тұрғындар денсаулық сақтау саласында дәрі беру, қызмет көрсету жағына шағымдарын жиі айтып тұрады. Соған байланысты былтыр басқарма Антикормен бірлесе сырттай талдау жүргізген. Нәтижесінде бірқатар олқылық анықталып, 25 тармақтан тұратын жоспар жасақталған. Ал жемқорлық фактілеріне байланысты 6 шағым негізінде мамандар жұмысы бақыланып, 1 жағдай нақтыланыпты.

«Былтыр осы жағдай бойынша 6 шағым болды. 1 жағдай бойынша сот жүрді. Ол азамат жұмыстан шығартылды. Күдікті дәрігер болған. Бізде тәуекелдер жұмысқа алу бөлімінде кездеседі. Өздеріңіз білесіздер қазір жұмысқа тұру қиын. Соған байланысты біз 1 мекеменің кадр қызметкерін жұмыстан шығардым. Осы жерде тәуекел бар деп осылай шешім шығаруға тура келді», – дейді Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков. 

Қазір арыз-шағымдарды азайту мақсатында 5 пилоттық жоба жүргізіліп жатыр. Олар науқастардың ауруханаға келіп қаралу, ем алу процессін жеңілдетеді деп көзделіп отыр. Сонымен қатар тәуекелдер көп келдесетін жұмысқа қабылдау бөлімін цифрландыру да жоспарда бар дейді басқарма басшысы.

«Цифрландыру басқармасының бастамасымен пилоттық жобаны қолға алғалы жатырмыз. Жұмысқа қабылдау, жұмыста маманның бар жоғын бақылап отыратын жоба «өлі жандардың» болмауын қамтамасыз етеді. Осыны енгізіп алсақ ашықтық болады», – дейді Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.

Сонымен қатар, мамандар қазір медицина саласында мониторинг жүргізіп жатыр. Оның шешімі маусым айында шығарылмақ. Ал денсаулық сақтау басқармасының басшысы енді қалада жекеменшік мекемелер көрсеткен қызметі үшін алатын ақыны біркелкі ететінін жеткізді. Ол үшін бұйрық та шығарылып қойған. Ал тариф құны барлық емханалар кассасында көрсетіліп тұратын болады.