Шымкенттік дәрігерлер тіліксіз ота арқылы 52 жастағы азаматты аман алып қалды

83

Шымкент қаласындағы №2 қалалық аурухананың дәрігерлері инсульт алған 52 жастағы азаматтың ми қан тамырына пышақсыз күрделі ота жасап, ажалдан арашалап қалды.

Күрделі отаны аурухананың бас дәрігері әрі қаланың штаттан тыс бас рентгенхирургі, жоғарғы санатты дәрігер А.Рахматалиев пен аурухананың рентгенхирургі Н.Қарабаев жасады. Ақ халаттылардың айтуынша ота 2-сағатқа созылған.

“Ангиографиялық аппарат арқылы тромбоэктомия жасадық. Қазіргі таңда науқас өзін өте жақсы сезінеді. Өзі тұрып-жүріп, сұрақтарға толық жауап бере алады. №2 қалалық аурухананың инсульт орталығы 3-деңгейде жұмыс жасайды. Егер науқастар инсульт ерте басталғаннан 4,5-6 сағат аралығында ауруханаға келіп түсетін болса, жоғарғы сапалы мамандандырылған технологиялық медициналық көмек беріп үлгереміз. Мұндайда көптеген науқасты аман алып қалуға мүмкіндігіміз жоғары болады”-дейді орталық меңгерушісі Р.Исабекұлы.

Белгілі болғандай, егде жастағы науқас ауруханаға 9 қазан күні өте ауыр халде түскен. Ауруханаға жеткен сәтте инсульт алғанына 3-сағаттан астам уақыт болған екен. Яғни, жедел тексеруден өту барысында сол жақ ми ортаңғы артериясында тромбоз белгілері анықталған соң оған ақ халаттылар инсульт диагнозын қойған. Нақтырақ айтқанда, ишемиялық инсульт – қан тамырларының тромбтармен бітелуі.

Бұған қоса науқастың оң жақ аяғы мен қолы толығымен салданып, сөйлеу және есту қабілетінен айырылған. Дәрігерлер оған шұғыл түрде ота жасауға шешім қабылдады. Операция ангиография аппараты арқылы пышақ тілігінсіз жасалады.

Науқас отадан соң бір сағат ішінде толық есін жинап, оң жақ аяқ-қол қызметі толығымен қалыптасты. Сөйлеу, есту қаблеті де қайта орнына келген. 1-күн қарқынды терапия блогында бақылауда болып, келесі күні палатаға ауыстырылды. Қазіргі жағдайы жақсы.

Дәрігерлердің көмегімен ажалдан аман қалған азамат ақ халаттыларға алғысын жаудырды.

Жалпы, мегаполисте жыл сайын денсаулық саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысының ұлт саулығын қалыптсатыру бойынша берген тапсырмасы аясында жергілікті билік барлық заманауи технологияларды алдырып жатыр.