Биыл «Достық шаңырағы» — Қазақстан Халқы Ассамблеясы татулығын ту еткен жаңа кітап-туындылармен толығады. Тарихи жинақтар жұртшылықтың тегі, тағдыр-тағлымын тарқатпақ. Сондай-ақ, санаулы күндерден соң, 1-наурыз — алғыс айту күні де айрықша аталып өтеді.
Айтулы датаның құрметіне орай күнгейліктер 1 емес, 10 бірдей мәдени іс-шараны қолға алмақ. Бұл жөнінде бүгін Қазақстан Халқы Ассамблеясының өңіріміздегі төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов жорналшылармен өткен жиында мәлімдеді. Көпшілік «Достық шаңырағы» деп танитын — Қазақстан Халқы Ассамблеясы 2017 жылды қорытындылауды ұмытқан жоқ. Әдеттегідей қуанышты хабардан бастады. Өңіріміздегі төрағаның орынбасары Мұратәлі Қалмұратов күн санап көпшіліктің өзара мәмілеге келіп, медиацияның дамып жатқанын жеткізді. Бұл өз кезегінде ел арасындағы ауызбіршілікті анағұрлым арттырғанын да марқая мәлімдеді.
Санаулы күндерден соң, күнгейде 1-наурыз — алғыс айту мерекесі тойланбақ. Мәдени шара бұл жолы ерекше екпінмен ескеріліп, игі жұмыстардың жүзеге асуына сеп болмақ екен. Яғни, мейрам 1 емес, 10 күн бойы (20-ақпан — тарихқа тағзым күні, 21-ақпан — қайырымдылық күні, 22-ақпан — шабыт күні, 23-ақпан — көршіге ізет күні, 24-ақпан — тазалық күні, 25-ақпан — құрмет күні, 26-ақпан өлкетану күні, 27-ақпан — келісім күні, 28-ақпан — ықылас күні, 1-наурыз — алғыс айту) өрбиді. Әрбір күн айырықша атпен аталып, соның аясында жүйелі жұмыстар жасалады. Ұйымдастыру алқасы басымдықты қайырымдылыққа қоятынын да жасырған жоқ.
Мұратәлі Қалмұратов, ОҚО ҚХА төрағасының орынбасары: «Арыс қаласындағы балалар үйіне әлеуметтік көмек жасалып, тарихи кітаптар үлестіріледі. Сондай-ақ, жетім-жесірлерге, өзге де мұқтаж жандарға мейлінше көмек көрсетілмек. Сондықтан, қоғамды осы іс-шараларға жұмыла атсалысуға шақырамын».
Жорналшылармен өткен жиында жаңа жоба-жұмыс таныстырылғаны сол, соңынан онкүндіктің ашылу салтанатымен сабақтасты. Алғашқы дата — «Тарихқа тағзым күнінде» Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғимаратында тарихи жинақтар мен құжаттар ұсынылып, жұртшылықтың тегі, тағдыр-тағлымы тарқатылды. Сонау департация жылдары Қазақстанға тағдыр-тәлкегімен қоныс аударған этностардың өткені мен бүгінгі осы көрмеде көрініс тапты.
Бисолт Дециев — шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары. Әйгілі спортшы, талай дүркін халықаралық құрмет-мәртебелі дәрежесінің иегері, Еуропа чемпионы жылдар бұрын Қазақстанға қоныс аударған ұлтын, ондағы туған анасының тағдырын ұмытпайды.
Бисолт Дециев, шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары: «Анамның басынан қандай қиындықтар өтпеді?! Аш, жалаңаш ішерге ауызсу таппаған сәттерін де жылап еске алады қазір! Сондай қиын-қыстау заманда жатырқамай, өз құшағына алып, бауырына басқан Мемлекетке көп рахмет! Жанашырлығы — бір төбе! Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында біз бір атаның баласындай өмір сүрудеміз».
«Қазақ еліне мың алғыс» монументінің алдында бас қосқан көпшілік Тәуелсіз елдің мызғымас болашағына жоспар құрып, Елбасының жолдау-мақаласын құптау қадамдарын құнттады. Айта өтетін ақпарат, Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен облысымыздағы 20 этно-мәдени орталық осыдан 23 жыл бұрын қызметін бастаған. Ал бүгінде бір ғана Оңтүстік өңірінде 108 өзге ұлт өкілі өмір сүреді.