Мектепте әлімжеттік жасау оқиғасы болмаған

1379

«Мектептегі әлімжеттік баламның түбіне жетті». Шымкенттегі Қайнар бұлақ елдімекенінде өз өзіне қол жұмсап, бақилық болған 16 жасар бозбаланың ата-анасы осылай дейді. Өрімдей кезінде өмірмен қош айтысқан марқұмның қалтасынан қатарластарының аты жөні жазылып, қайта жыртылған хат табылған.

Он жетінші көктеміне екі апта қалғанда жалғанды қиып, өзіне қол жұмсаған бозбала меткепті биыл бітіруі керек еді. Төрт жыл бұрын көрші өзбек елінен өз елім деп көшіп келген отбасының кенжесі екен. Айдың күннің аманында бауыр еті баласынан айырылып қалған ана жүрегі өліміне мектептегі әлімжеттік себеп деп сенеді. Фатима Ақылбекова: «Осыдан біршама уақыт бұрын мектептің директорына барғанбыз әкесі екеуміз. Баламыздан ақша талап ететіндігін айтқанымызда: «Үш-төрт ай қалды ғой. Оқи берсін»,- деп еді. Басты себебі мектепте…»

Туыстарының айтуынша, дәл сол күні Ерсұлтан туған әпкесіне хабарласып, ақша талап етіп жатқандығын, 7 мың теңге тауып беруін өтінген.

Қайғыдан қан жұтқан ана ұлы Ерсұлтанның бұрын да осы сынды қиындыққа тап келгегін айтты. Бұл сұрақпен арнайы мектепке де барғандарын жеткізді.

Он алтысында өмірмен қош айтқан Ерсұлтан туралы көршілері де, туыстары да, жақсы пікірде. Отбасы жаман аты шықпаған, абыройлы. Мұндай қайғылы жағдай төбемізге жай түскендей болды десті олар.

Ерсұлтан білім алған мектептің басшылығы әлімжеттік жасап, ақша жинау деген білім ұясында мүлдем болған емес деп сендіреді. Марқұм Ерсұлтан үлгілі оқушы еді, әрі құрметті, сыйлы болатын деп туыстарына көңіл айтты. «Ашық-жақрын, тәртібі түзу бала еді. Ерсұлтан ел қатарлы курсқа барып, мектепте де ҰБТ-ға дайындалып жүрген болатын. Өте ауыр жағдай. Мектепте әлімжеттік деген бұрын соңды болған емес. Бұл туралы ашық айта аламын»- дейді № 83-ші жалпы орта мектептің директоры Беркібай Михеев.

Марқұм қалтасына қатарластарының аты-жөнін жазып, сосын жыртып тастаған қағазды полицейлер әкетіпті. Алайда ресми құзырлы органдар бұл қайғылы оқиға туралы әзірге үндемеуді ұйғарыпты.

Жанар Есенбекова