Әлімжеттікке душар болған балалар спорт сайысынан жүлдемен оралды

424

Құрдастарынан әлімжеттік көрген мектеп оқушылары сабақтарына қалмай келіп жүр. Бұл жөнінде Талғат Бигелдинов атындағы мектептің директоры мәлімдеді. Қысым көрген шәкірттер болған оқиғадан соң спорттық жарысқа да қатысып үлгеріпті. Және футбол сайысынан жүлдемен оралған.

Апта бұрын бүкіл елді дүрліктірген Түркістандағы жағдай әлі де ел аузында. Ешкімді бей-жай қалдырмаған әлімжеттік оқиғасынан соң жәбір көрген жеткіншектер сабағынан қалмапты. Олар тіпті спорттық сайысқа да қатысып үлгерген. Облыстық жарыста жүлделі орынға қол жеткізген жасөспірімдердің жағдайы бірқалыпты дейді мектеп директоры.

Базарқұл Мырзақұлов, мектеп директоры: «Олардың көңіл-күйі жақсы. Балалармен және ата-аналарымен қарым – қатынасы да жақсы. Оның үстіне психологтар олармен күн сайын жұмыс жасап жатыр. Тек қана сол балалармен емес барлығымен жұмыс жүргізілуде. Яғни, орын алған жағдайды қайталамау үшін түсіндіру жұмыстарын жасап жатырмыз».

Әлімжеттік көрсеткен балалар да сабақтан қалмаған. Білім басқармасы мамандарының айтуынша, жеткіншектер сабағына күн сайын келіп жүр. Ал замандастары барлық оқиғаға әлеуметтік желілердің қолжетімділігі кінәлі деп отыр. Сөздерінше, мұндай қатігездіктің орын алуына тек қана ғаламтордағы видеолар кері әсер етеді.

Мектеп оқушысы: «Жаман әрекеттерге қазіргі замандағы интернет желілері кері әсерін тигізеді. Осының арқасында көптеген адамдар ерегісіп, сөзге келісіп қалады».

Ал психологтардың пікірі бөлек. Бесіктен белі шықпаған жасөспірімнің қылмысқа баруына отбасында берілген тәрбиенің осалдығынан деп отыр. Тәртіпсіздікке тек мектепті кінәлі дейтін ата-аналар, өз балаларын қамқорлыққа алып, қадағалауды күшейту қажет. Сондай-ақ, оқушыда бос уақыт болмауы керек дегенді алға тартады.

«Мұндай жағдай орын алмас үшін мектепте алдын алу шаралары жүргізілуі керек. Үйірмелерге тарту керек. Мысалы әрбір сыныпта оқушылар өзіндік темпераменттерге бөлінеді. Және кей кездері ой өрісінде ауытқуы бар балалар да болады. Солардың ерекшеліктерін ескеріп үйірмелерге жіберу керек. Егер балада бос уақыт болмаса мұндай арам әрекеттерге бармайды» дейді психологтар.

Әлімжеттік оқиғасының алдын алу үшін түрлі шаралар атқарылады. Оқушының қауіпсіздігі үшін мектеп инспекторлары жұмылдырылған. Сондай-ақ, барлық білім ордалары камерамен жабдықталған. Бұл да бұзақылықтың алдын алуға қауқарсыздық танытқандай.

Назерке Үкібасова