Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Естеріңізге сала кетейік, өңір басшысы есеп беру жиынында бірқатар азаматтардың арыз-шағымдарын тыңдау мақсатында жеке қабылдау өткізетініне уәде берген болатын.

Осыған байланысты облыс әкіміне мәселелерін жеткізуге келген 34 азамат өздерін мазалаған сауалдарын ортаға салды. Қабылдауға облыстық сот, прокуратура, облыстық және қалалық жергілікті полиция қызметінің, Ішкі істер және әділет департаментінің басшылары қатысты. Үйдің құжатын заңдастыру, көршілерімен учаске бөлісе алмай дауға айналған мәселе, балалар алаңшасы мен жолдың құрылысы, мектептегі әлімжеттік сияқты баршамызды толғандыратын мәселелер дер кезінде шешімін тапса, қабылдаулардың қажеті жоқ,- дейді жерлестеріміз.

Облыс әкімдігіне таңертеңнен жиналған азаматтар өңір басшысының қабылдауына кіруге ниетті. Әкімдік қызметкерлері барлығын тіркеуден өткізді. Облыс әкімінің есепті жиынында жеке қабылдауына сұранған Наталья Смирнова, қоғам белсендісі Валерий Карпусевич те осында. Мектептегі әлімжеттік мәселесін көтеріп, соттың шешімімен келіспейтін бірқатар жерлестеріміз бар үмітін облыс әкіміне артып келіпті.

Облыс әкімінің қабылдауында болған азаматтарды күннің екінші жартысында «НұрОтан» партиясының өңірлік филиалының арнайы комиссиясы да қабылдады. Партия мүшелері, прокуратура өкілдері, қала әкімінің орынбасарлары мен аудан әкімдерінен жасақталған топ әрбір арызданушыны жеке тыңдады.

Қабылдауды басынан аяғына дейін бейнекамераға түсіруді талап еткендер де болды. Прокуратура өкілдері оған рұқсат берген жоқ. Себебі, өзге азаматтардың арасында жеке проблемаларын жария еткісі келмейтіндер де бар. Проблеманы күрделендірмей, аудандық немесе жергілікті жерлерде қабылдаулар дер кезінде өткізіліп, сұрақтарға нақты жауап берілсе, шиеленісудің ауылы алыс болар еді.

Шынар Оразова