Шымкентте 11 салаға «Ақылды қала» тәртібі енгізілген

433

Цифрлық жүйе азаматтардың сауаттылығын арттырып қана қоймай, жемқорлыққа да тұсау салады. Бүгінгі таңда Шымкентте 11 салаға «Ақылды қала» тәртібі енгізілген. Солардың бірқатары өңірімізге іс-сапармен келген Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевке таныстырылды. Сала мамандары сандық технологиялардың «сырымен» бөлісті.

Шымкент республикадағы мектеп мұғалімдерін электронды әдіспен жұмысқа қабылдауды бастаған алғашқы қала. Былтырдан бері осынау тың тәсілмен 500-ден аса ұстаз жарияланған бос жұмыс орындарына қабылданған. Балғындарды балабақшаға қабылдау да қазір қашықтықтан жүйеге асуда. Үкімет басшысының орынбасарына осынау ақылды жүйелер таныстырылды.

Сондай-ақ, қонақтар С.Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицейіндегі электронды журнал мен «Күнделік» жобасының нобайын көрді. Ата-ана мен мектеп арасын жақындатып, баланың сапалы білім, саналы тәрбие алуына бастайтын жүйе жұмысшы топтың көңілінен шықты. Салаға жауаптылар «сандық технологияларды бес саусақтай меңгерсек, сауаттылығымызды артып қана қоймай, қаптаған қағазға жұмсалатын қыруар қаржыны да үнемдейміз», — дейді.

Алмат Ищанов, Білім және Ғылым министірлігінің ақпараттық технологиялар департаментінің директоры: «Білім саласында қолданыстағы 100-де аса қызмет электронды жүйеде іске асса, біз жылына 250 млн. теңгені үйнемдейтін боламыз. Ақылды жобалар қағазбастылықты жойып қана қоймай, адами факторларды болдырмайды. Осы тапсырманы орындау үшін қолға алынған цифрландырудың пилоттық жобасын алғаш болып Оңтүстік Қазақстан облысы сәтті жүзеге асырып отыр».

Мәртебелі қонақтар болашақ ІТ мамандарының жобаларын да көрді. Шаһардағы №31 мектептің шәкірттері мұғалімнің қызметін атқаратын роботты таныстырды. Шәкірттер басқару құрылғысына информатика пәнінің бағдарламаларын орнатқан.
Өңірдің сандық технологияны қаншалықты меңгеріп жатқанын байқау үшін арнайы келген жұмысшы топ осы бағыттағы жұмыстарды жоғары бағалады. Алғаш рет қолға алынып отырған кей ақылды жүйелер өзге де аймақтарда жүзеге асырылатын болады.