Шымкенттің ерікті жастары үйсіз жүргендерге ыстық тамақ таратты

571

Шымкенттің ерікті жастары үйсіз жүрген жандарға ыстық тамақ таратты, деп хабарлайды inform.kz. Еріктілер тобы аязды күні көше кезіп, тоңып жүргендерге осындай қайырмдылық көрсетті. Өз үйлерінен түрлі тағамдар дайындап, бауырсақтар мен бәліштерін ала келіпті.

Жастар ата-аналарының күнделікті жүріп-тұруына берген ақшасын үнемдеп, осындай пайдалы іске жаратқан. Олардың бұл бастамасын оқу орындарының басшылары да қолдапты. «Ыстық тамақ» шарасы аясында қаңғыбас жандар бір мезгіл ас ішіп, қуанып қалды. Жастар қайырымдылық істі қаладағы  үш мешіттен бастады.

Олар кезбелерден бөлек аула сыпырушыларға да, көшелерде сауда жасап тұрған жандарға да ыстық тамақ үлестірді. «Елбасы серіктестері» еріктілер ұйымының төрағасы Биғали Әбдіқұловтың айтуынша, мұндай сауап істер жасау жастарды мейірімділікке, әр нәрсеге жанашырлық танытуға тәрбиелейді.

Айта кетейік, аталған еріктілер ұйымы 5 жыл бұрын құрылған. Содан бері, қайырымдылық шаралардың басы-қасында жүреді. Құрамында 500-ден аса студент бар  ұйымның өкілдіктері еліміздің өзге қалаларында да қайырымдылық жасаумен айналысады.