Биыл Түркістан облысында оқушылардың ыстық тамағына 6,2 млрд. теңге бөлінді

239

Түркістан облысының бастауыш сынып оқушылары ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 6 млрд-тан аса қаражат бөлінген. Тегін тамақпен қамтылған оқушылардың 11 мыңнан астамы Төлеби ауданында оқиды. Мамандардың сөзінше қазір балалар маусымдық ас мәзірі бойынша тамақтанады.

Леңгір қаласындағы №1 мектеп гимназиясында 1200 оқушы білім алады. Оның 500-ге жуығы бастауыш сыныпта оқиды. Олар биылғы оқу жылы басталғалы тегін тамақпен қамтылған. Мұндағы асхана бастапқыда 90 орынға шақталған еді. Кейін тағы 30 орын қосылыпты.

«Бүгінгі біздің тамағымыз қарақұмықпен жасалған. Бұл ас балалардың сүйікті тағамы. Оның қасында тауық еті, тәтті компот, сәбіз салаты бар» -дейді аспаз Қарлығаш Мырзахметова.

Төлеби ауданындағы 65 мектептің 11 мыңнан астам оқушысы ыстық тамақпен қамтылған. Оның ішінде жоғары сыныпта оқитын әлеуметтік әлсіз топ отбасының балалары да бар.

«Ауданда бастауыш сынып оқитын 11 070 бала бар. Одан бөлек әлеуметтік осал топқа енетін, аз қамтылған 317 балаға ыстық тамақ беріледі. Күніне 1 порция тамақ 1 балаға 500-700 теңге аралығында болады» – дейді Төлеби аудандық білім бөлімінің бас маманы Бақытқали Жақыпов.

Түркістан облысында барлығы 1032 мектеп бар. Онда 520 мыңға жуық оқушы білім алады. Биыл оның 185 мыңнан астамы ыстық тамақпен қамтылды. Ол үшін бюджеттен 6,2 млрд теңге қаржы бөлінген.