Оңтүстік Қазақстан облысында 1 наурыз – Алғыс айту күне орай өтіп жатқан онкүндік бүгін «Тазалық» күні ретінде аталып өтілді. «Ауласы тазаның ауасы таза», тақырыбында жалпыхалықтық сенбілік өтіп, саябақтар, гүлзарлар, аулалар, көшелер мен арық-атыздар тазартылды.
Осы күні Шымкент қаласындағы дендросаябақта өткен сенбілікке этномәдени бірлестіктердің мүшелері, зиялы қауым өкілдері мен жастар жалпы 500-дей адам қатысты. Бір сөзбен айтқанда, осынау игілікті шарадан өңір тұрғындары шет қалмай қуана кірісті.
«Ортақ Отанымыздың таза, әдемі болуына және гүлденуіне, көркейуіне үлес қосу әр азаматтың парызы деп санаймын. «Тазалық» күні аясында өңіріміздегі этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері қолымызға тырма алып, көпшілік демалатын саябақта тазалық жұмысына атсалыстық. Тазалықпен қатар халықты ынтымаққа үндейтін бүгінгі шараның мән-маңызы зор»,- дейді сенбілікке қатысқан облыстық грузин этномәдени бірлестігінің төрғасы Заал Бочоришвили.
Алғыс айту мерекесінің мән-маңызын кеңінен насихаттау мақсатында өңірімізде жаңа сипатта өтіп жатқан іс-шаралар ертең «Өлке тану» тақырыбында аталып өтеді.