Халық алдында төрт әкім

590

АБАЙ АУДАНЫ


Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаев өткен жылы атқарған жұмыстары бойынша халық алдында есеп берді. Әкімнің халықпен есеп беру кездесуінің бірі Құрсай, Қазығұрт, Ақтас және Ақжар елдімекендерінің тұрғындарының алдында өтті. Тұрғындар осы ауданды бес жыл басқарған әкімнің жұмысын «жақсы» деп бағалай отырып, орындалмаған істерін тізіп берді. Қалаға қосылғанына үш жыл болған Құрсай елдімекенінде түйіні тарқатылмаған мәселелер баршылық екен.

Әсіресе электр жарығының жиі сөнетіні құрсайлықтардың ығырын шығарыпты. «Жарық мәселесін шешпесеңіздер болмайды. Күнде жарық өшеді. Әбден шаршадық» деген тұрғындар «енді сотқа шағымданамыз» деп ашық айтты. Белгілі болғаны Абай ауданының 75 пайызы орталықтандырылған трансформаторлардан жарық алады. Қалғаны жекенің иелігіндегі трансформаторларға тәуелді.

Жекеменшік трансформатор иелері электр қуатының құнын өсіріп те жіберіпті. Аудан әкімінің айтуынша, бұл мәселе бірте бірте шешімін тауып келеді. 2230 тұтынушыға сапалы жарық беру үшін өткен жылы бюджеттен 11 млн теңге қаражат бөлініп, жобалық сметалық құжаты әзірленіпті. «Бәрін бірден жасай алмаймыз. Рет ретімен іске асыруға уәде етеміз. Сіздер қалаға кеше ғана қосылдыңыздар» деді әкім.

Бұдан бөлек кездесуде Құрсай, Ақжар, Ақтас шағынаудандары халқының көлік қатынасы да қызу талқыға түсті. Жергілікті жұрттың қоғамдық көлікпен діттеген жеріне жетуі мұңға айналыпты. «Автобус жүрмейді. Балалардың мектепке қатынауы қиын» деп шулаған тұрғындарға қала әкімінің орынбасары: Нұралхан Көшеров: «Қаламызға 30 жаңа автобус әкелдік. Тағы 70 автобус әкелінеді. Жақын күнде бағытқа шығады» деп жауап берді. Әкім «Коммуналды қызмет жағына қарық қыламын» деп уәдені де үйіп-төкпеді. «Барлығын орындауға қаржы керек» деп турасын айтты.

ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ


Әл Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов та аудан тұрғындарымен кездесіп, өткен жылдың есебін тапсырып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады. Қажетін біліп, шағымын естіді.  Әкімнің «Сәуле» шағынауданында да, «Түркістан» шағынауданында да өткен кездесуі барысында ең көп айтылғаны қоғамдық көлік пен жарық мәселесі болды.

Шымкентте қоғамдық көлік жайы әлі күнге шешімін таппай келеді. Осы орайда жергілікті тұрғын Шымкент қалалық жолау-шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жұмысына әбден ашынғанын білдіріп: «Мен осы бөлімінің жұмысына «минус бір» деген баға беремін. Тек құрғақ уәдемен жүреді. Жұмыс жасамайды» деп кесіп айтты.

Бұған қатысты аталған бөлім басшысының Жарқын Байдуллаев «Сіздердің берген бағаларыңызбен келісемін. Кемшіліктер жоқ емес. Бар. Бірақ жұмыс жасап жатырмыз. Көліктердің бәрі жекеменшік» деп жауап қатты.
Аудан әкімі жазбаша, ауыз-ша қойылған 30-ға тарта сауалға нақты жауап берді. «Сәулелік» тұрғындардың демалыс саябағын салу туралы ұсынысын құптайтынын білдіріп, осы мақсатта жер қарастырылып жатқанын да жеткізді.


Ал «Айқап», «Түркістан» шағынаудандарының тұрғындарымен өткен кездесуде халық әкім жұмысына жақсы деген баға беріп, қанағаттанатындарын жеткізді. Мұнда да тұрғындар жарықтың жиі сөнетініне шағымданып, сонымен қатар жауын-шашын молайып, қар еріген кездері үйдің іргесіне су келіп, ауланы су басатынын айтты. Ирригациялық жүйелерді ретке келтіруді сұрады.

Бұдан бөлек, тұрғындар қоқыс жинайтын көліктердің соңынан лас судың ағатынына шағымданды. Қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов мұны өз қарауына алатынын мәлімдеді.

ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ


Шымкенттегі Еңбекші ауданының аумағында 32 шағынаудан бар. Мұнда қала құрамына кейіннен қосылған ауылдардың көп болуы себепті де коммуналды мәселелері де шаш етектен болып жатыр.

Аудан әкімі Ғалымжан Ільясов Еламан елдімекенінің тұрғындарымен кездесуінде жұртшылық өз талаптарын еш іркілместен жеткізді. Балаларға ойын алаңқайлары, әмбебап дүкендер салынуын сұраған тұрғындар мемлекет мұқтаждығына алынған жердің орнына қала аумағынан жер берілуін де сұрады.

Әкімнің «Тоғыс» тұрғын алабында өткен кездесуінде халық Бадам өзенінің құрып бара жатқанын айтып, дабыл қақты. Өзен суының әбден ластанып, көріксіз күйге түскені мұндағы елді қатты мазалайды.
«Тоғыста» өткен жиынға Маятас, Елтас,Жыланбұзған ауылдарының тұрғындары жиналды.

«Бадам өзенін құтқару керек. Кәріз суын өзенге құюды доғару керек. Бадамның суы әбден ластанып, табаны қап-қара лайға айналып бітті» деген ауыл ақсақалы бұған тосқауыл қоюды талап етті.
Сондай-ақ, Маятаста салынған жаңа көпірдің жайы да сөз болды. Бұл көпірді әуел баста салмағы 5 тоннадан аспайтын көліктердің өтуіне арнап салған екен. Бірақ, қазір 15 тонналық жүк көліктері де ерсілі-қарсылы өтіп жатыр.

«Көпірдің жанында тұрсаң, солқылдағанын естисің. Жүк көліктерінің өтуіне тыйым салу керек» деген тұрғын жаңа көпір тез тозып, жарамсыз болып қала ма деп қауіптенеді. Есептік кездесуге қала әкімдігінен Нұралхан Көшеров қатысты.

Ол барлық сын-ескертпелердің қабылданып, жергілікті билік тарапынан көмек көрсетілетінін жеткізді.
Бұдан бөлек «Шымкент қаласының аумағы үлкен, бірақ бюджеті шағын, жетпей жатады, сондықтан да бар шаруа кезең кезеңімен шешіледі» деп ашығын айтты.
ҚАРАТАУ АУДАНЫ


Шымкенттің жаңа ауданы – Қаратау. Құрылғанына 3 жыл болған ауданның әкімі Ғабит Мәуленқұлов та жергілікті жұртшылықпен кездесіп, өткен жылды қорытындылады. Атқарған ісін саралап, жоспарымен де бөлісті. Әкімнің сөзіне сенсек, биыл ауданға қарасты Азат, Достық, Шапырашты, Өтеміс елдімекендерінің халқы сапалы ауызсумен қамтылады екен. Кездесуге келгендер қалаға қатынастың қиындап кеткеніне шағым білдірді. Осылайша Қаратау ауданында да қоғамдық көлік мәселесі көпшілікті мазалайтыны тағы да айтылды.


«Былтыр қала әкімі «қатырамын» деп уәде берді. Кетіп қалды» деген тұрғын бәрі де сол қаз-қалпында қалып қойғанына ашынды. Қаратау ауданында қала маңындағы аудандардан қосылған ауылдар бар. Мұндағы елдімекендер көршілес Сайрам ауданынан өткен. Тұрғындарының дені ауыл шаруашылығымен айналысады. Солардың бірі: «Полиция қызметіне көңіліміз толмайды. Егістік жерлерге Таскендегі дөкейлер 150 жылқысын жіберіп, арпа-бидайымызды таптап, шығынға батырды» деп шағымданды.

№4 балалар үйінің басшысы өзі басқаратын мекеменің жұмысына қатысты әкімдіктен көмек сұрады.
«Жылыту қазандығы электр жүйесіне қосылған. Қыста электр жарығы сөнгенде 90 жетім бала тоңады. Бізге суперлиния қосып беруді сұранамыз» деген басшының сөзін жергілікті аурухананың өкілі де жалғады. Оның айтуынша, дәл осындай электр жүйесі оларға да керек екен.

«Суперлинияны ауыстырып, қосымша траснсформатор қоюға көмектессеңіздер екен. Кәріз жүйесінің мәселесін де биыл шешіп бермесеңіздер болмайды» деген бас дәрігер сөзіне Ғабит Мәуленқұлов «Қолымыздан келгенін жасауға тырысамыз» деп жауап қатты.