«Ютубтан қаржы табуға болады, бірақ…»

1129

«Жаңа күн» бағдарламасының кезекті қонағы ютуб желісінің белсенді қолданушысы Алмас Нахыпбек:

— Жалпы ютуб желісі туралы көпшілікке түсіндіріп өтсеңіз…
— Ютуб — ол бейнеплатформа, яғни, әрбір адам өзінің жеке кабинетін немесе каналын ашу арқылы өмірінің әрбір сәттерін бөлісе алатын платформа.
— Алғашқы бейне жариялауды қалай бастадыңыз?
— Әу баста ютубта бастаймын деген ойда болған жоқ. Бір досым әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы болатын «неге сен өзіңнің жеке каналыңды ашып алмайсың?» деп кеңес берді. Содан өзімнің каналымды ашу онша қызықтырмаған соң, қысқа қысқа бейнелерді монтаждап жариялау жаныма жақын келді. Еліміздегі өзекті саланың бірі дін саласындағы үлкен ұстаздардың айтқан, бөліскен видеоларын қысқартып салып отырдым.
— Қай жалдан бастадың?
— 2015 жылдан бастадым. Ол кезде көп канал болған жоқ. Дегенмен әу баста көп канал ашу ойда болған. Бірақ бір каналға тоқталып, соны дамытуға ден қойдым… Қазір де жұмыс істейді. Бірақ атауы өзгерген.
— Каналдарыңыз арқылы қаржы таптыңыз ба?
— Ия, бұл бәрін қызықтыратын сауал. Ең бірінші ютубтан ақша табу үшін 1 мың қаралымға 1 доллардан келеді дегенге сендім. Дегенмен бастапқыда жарты жылдай тегін жұмыс істедім. Бастапқыда ақша түспейді. Қаралым болуы керек, жазылушылар жинауың керек. Курстарды сатып алдым. Белгілі деңгейге жеткеннен кейін ютубтың әріптестері болады. Елімізде олар көп. Солардың біріне қосылып алғашқы табысымды таба бастадым. 3-5 доллар дегендей. Оның өзі жеңіс болып көрінетін.
— Қазақстанда ютуб каналы арқылы табыс тауып отырғандар бар ма?
— Әрине, бар. Бірақ, жасаған еңбегіңді ақтамайды. Қазақстандық нарықта ютубтың беретін бағасы өте төмен. 1 мың қаралымға салыстырмалы түрде 0,3-0,4 доллар береді. Қазіргі таңда ютубта ақша табу мүмкн, бірақ талаптары қиындатылды. Себебі каналдар көбейіп кетті. Ютубтан көптеген демеушілер кетіп қалды. Сондықтан қазір өзінің стандартын өзгертті. Сізге ютуб ақша төлейтіндей етіп тіркеу үшін сізде жоқ дегенде 1 мың жазылушы және 10 мың қаралым болуы керек. Одан кейін сіздің салған видеоларыңыз өзіңіз түсірген видео болуы керек. Алгоритм өте қатаң жұмыс жасайды. Редакторлар да дұмыс жасайды. Ютубтың құқықтарына, оның заңдарына егер видеоңыз сәйкес болмаса жойылып кетуі мүмкін.