Зергер: «Қамшының өрімінде періштенің дұғасы бар»

837

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонақтары күнгейлік әйгілі зергер Дархан Мырзабекұлы және шәкірті Жеңіс Қыдырәлі:

— Біз журналистер және зергерлер қашанда қарап жүрмейміз. Тұщымды туынды жасаймыз дейміз де, шұқыланып жасап шығып, дайын дүниеге қарап, марқайып рухани демалатынымыз бар. Дәл қазіргі уақытта қандай жаңалықтарыңыз бар? Ең соңғы қандай дүние жасап, жаңалық ашқандай болдыңыздар?
— Жаңалық ашқан ештеңе жоқ. Бізге дейін мұны ата-бабаларымыз жасап кеткен. Іздену үстіндеміз. Аталардың ізін жалғастырушымыз.
— Студияға құралақан келмепсіздер. Мынадай кермет дүниелерді арқалаай келіпсіздер. Таныстыра отырсаңыздар…
— Зергерлік қылыш мелхиордан жасалған. Суық қаруға жатпайды, сәндік қолданбалы зат. Аса өткірлемейміз. Ұстап көргенде қолдарын кесіп алмас үшін. Үйге сән үшін іліп қоюға арналған. Сыйға тартуға арналған. Агат тастары бар. Ал әшекей заттар ханымдарға арналған. Күмістен, мелхиордан жасалған. Тұмарда табиғи тастар орнатылған. Қара күмістен жасалғандары да бар.

Жеңіс Қыдырәлі:

— Тұмар дегеніміз түркі тілдес халықпыз ғой, тұмар — тума жер мағынаны білдіреді екен. Ата- бабаларымыз туған жердің топырағын салып жүрген екен. Кейін Ислам дініне өткен соң ығыстырылып, Құдайға серік қоспас үшін Құран сүрелерін салып жүрген екен.
— Жеңіс, қазіргі таңда шәкірт болып өзіңді шыңдап жүрсің. Арасында өзің жасаған дүниең бар ма?
— Тобылғыдан жасалған қамшыны айтсам болады. Терімен көмкерілген. Күміспен көркемделген. Бирюза, аметист, сердалик тастары бар. Қамшының өрімінде періштенің дұғасы жүреді. Ата-бабамыз қамшымен малын бақса, жанын да баққан дейді. Қамшы деген «қам жасап жүр» деген мағынаны білдірсе керек. Тобылғы өте қатты ағаш. Топ болып өседі. Далалы, сулы жерде өседі. Осы күйінде 100 жылға дейін жарылмай сақталатын ағаштың бір түрі болып саналады. Бұл жұмысты екі апта көлемінде жасап шықтық. Бірінші жұмыстарымызды зерделеп алдық. Қай жерге қандай тас орнатылатынын.

 

 

 

 

 

— Былғарыға ерекше бедер, ою, өрнектер салыныпты…
— Сімпактеу әдісі, яғни, ширатпа жолмен жасалған. Ал екінші қамшы еліктің тұяғынан жасалған. Көбіне сөзі өткір, аузы дуалы ел ағаларына сыйға береді. Бұл тобылғыға қарағанда күмісі де, тасы да әбзерленіп жасалынған.
— Дархан мырза, күмістен жасау үшін шикізатты қайдан аласыз?
Қолдан жинаймыз. Сынған күмістерден жинастырамыз. Жинап беретін адамдарға тапсырыс береміз.
— Арнайы шикізат алатын орын жоқ па?
— Жоқ, ондай орын жоқ. Ал тері бұйымдарына отандық өнімді тұтынамыз. Тері өңдейтін цех бар, теріні содан аламыз.
— Жасаған дүниелеріңіз ұлттық нақышта екен. Көбіне қай бағытта жұмыс жасайсыз, заманауи ма, әлде ұлттық төл өнерімізді төрге оздырасыз ба?
— Көбіне қазақы ұлттық нақышта жасаймын. Өйткені қазақтың ою, өрнегі керемет шексіз, бір жерін салсаң екінші жері жалғасып кете береді.
— Сұраныс қайсысына көп түседі?
— Әшекейлерге көбіне сұраныс көп… Өзім ОҚМУ-де зергерлік өнерден сабақ беремін. Жылда 5-6 шәкірт түседі. Мемлекеттен грант бөлінеді. Қызығушылық көп. Бұл мамандық еліміз бойынша екі ақ жерде бар. Бірі Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясыда бар және біздің университетте.