Түркістанда Халықаралық зергерлер күніне орай «Зергердің қолы алтын» көрмесі ашылды

668

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай, Халықаралық зергерлер күні қарсаңында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Зергердің қолы алтын» көрмесі ашылды.

Көрмеге музей қорындағы ХIХ-ХХ ғасырларға тән әшекейлер мен зергерлік бұйымдар, түрлі қолөнер туындыларынан құралған 100-ден аса жәдігерлер қойылды.
Шараға қолөнер шеберлері, мектеп оқушылары және зиялы қауым өкілдері мен музей қызметкерлері қатысты.

Тарихи жәдігерлермен таныстырып, олар жайлы деректермен бөлісуге арналған жиында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы көпшілікті айтулы шарамен құттықтады.

-«Әзірет Сұлтан» бабамыздың атымен аталатын қорық-музей қорында 1978 жылы құрылған сәтте 700 ғана жәдігер болса, олардың ауқымы кеңейіп бүгінгі таңда 24 мыңнан асты. Олардың 13629-ы нумизматикалық, 5175-і археологиялық, 2919-ы жазба ескерткіштер. Ал, 2698 этнографиялық жәдігерлер ішінде 800 -ден аса бірін-бірі қайталамайтын ерекшелік пен әсемдікке ие әшекейлер мен зергерлік туындылар бар. Ата-бабаларымыз күнделікті тұрмыста, салт-дәстүрде қолданған түрлі бұйымдар, яғни, белдіктер мен қапсырмалар, таналар, түймелер мен алқалар, бойтұмарлар мен жүзік, шашбаулар сынды көптеген заттар бүгінгі күннің ең құнды жәдігерлері саналады.

Жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» бөлімінде де бұл жайында терең ой салғаны белгілі. Бабаларымыз әшекейлерді темірден соққан. Күн сайын ауқымы кеңейіп, қорға қосылып жатқан құнды дүниелерді сақтап, оларды ұрпақтан-ұрпаққа аманаттау біздің басты парызымыз. Қазақ мәдениеті мен өнерін, сан қырлы шеберлігін оның ішінде түрлі ою-өрнекпен көмкеріліп, әрбір пішіні өзіндік сыр шертетін терең философияға негізделген дүниелері әлем алдында жария етуге лайықты құнды дүниелер болып табылады. Көрмеге келген әрбір келуші аталған жәдігерлердің тарихы мен авторына, мән-мағынасына терең үңіле алады»,-деді қорық-музей директоры Нұрболат Ахметжанов.

Сондай-ақ, Түркістан қалалық Этнопедагогикалық колледжінің директоры Серім Айғаным Абанқызы да қазақ әшекйлерінің қоғамдағы орны, жастар үшін тәрбиелік мәні жайында ой бөлісті.

«Елбасымыздың өзі «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атап өткен металлургия саласына қатысты толғаным өткеніміз бен бүгінімізді сабақтастыра отырып, терең тәрбие мен танымға бағыттайды. Ата-бабаларымыз металлургияны терең меңгерген. Оны біз Есік қаласынан табылған «Алтын адам», қасиетті Түркістанымыздағы тайқазан мен шырағдан, әшекей бұйымдардан-ақ көз жеткізе аламыз. Ата-бабаларымыздың зерлік бұйымдар мен әшекейлерді қадірлеуі – үлкен дәстүр. Бүгінгі ұрпақ сол дәстүрді әрі қарай сабақтастырып, жалғастыруы тиіс. Бүгінгі көрмеде қойылған күмістен жасалған кісе белдік пен шолпының қолданылуы, тәрбиесі қандай терең. Ал, жүзіктердің өзі түр-түрге бөлініп, құдағи атанған ананы немесе құда түсіп, атастырылған қыздың қолына қарап, әшекейлерінен аңғара білген. Аталған құндылықтарды жоймай, қайта жаңғыртуымыз керек.

Биылғы «Жастар жылы» жастар үшін салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты да жаңғыртып, ата-баба мұрасына бет бұрған тарихи танымға толы бетбұрыс жылы ретінде де атап өтуге шақырамын. Шетелдің дәстүрімізге жат сәні емес, ұлтымыздың қаймағы бұзылмаған ұлттық дәні жастар бойында бүр жарып, төл әшекейлеріміз қайта түлеуі маңызды»,-деді Түркістан қалалық Этнопедагогикалық колледжінің директоры Айғаным Абанқызы.

Көрме барысында Түркістан қаласының тұрғыны – зергерлер үйірмесінің жетекшісі, Қазақстан қолөнер шеберлер Одағының мүшесі, темірден түйін түйген зергер Қалмырза Тасов келушілерге шеберлік дәрісін ұйымдастырды.

Айта кетсек, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен әшекейлерінен жасақталған көрмені бір күн ішінде 700-дей адам тамашалап үлгерді.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі