Тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы жарытпады. Осыдан жеті жыл бұрын басталған жұмыс жұртшылықтың көңілінен шықпады. Тұрғындар баспаналарына жөндеу жүргізген құрылысшыларды сотқа беруге дайын. Бұл жолы ПМК- 49 және Алдияров 34 үйдің тұрғындары наразылық білдірді. Бұл екі үйдің жаңғырту жұмысын бір бір серіктестік жүргізген.
Алдияров көшесіндегі үй бұрын жатахана болған. 1983 жылы троллейбус паркінің жұмысшылары үшін қолданысқа берілген, содан бері жөндеу көрмеген. 2014 жылы тұрғын үй жаңғырту бағдарламасы арқылы 15 млн тенгеге жөнделіпті, бірақ тұрғындардың көңілінен шықпай отыр. Айтуларынша мердігерлер жұмыстарын сапасыз атқарған, жобада бар жұмыстар жасалмаған. Салдарынан екі-үш жылдың ішінде үй қайта баяғы қалпына түскен.
Айтуларынша, жауын жауса үйдің шатырынан су сорғалайды. Жертөледегі жылу жүйелері жарамсыз күйге түскен. Үйдің шатырында мұржа болмағандықтан тұрғындар көгілдір отынға қосыла алмай отырған жайы бар.
Тұрғындар шағымданып жүрген ПМК 49 үйдің де жөндеу жұмыстарын «Қазэнергокомпани» ЖШС-і жүргізген. Бұл үйдің тұрғындары 2012 жылдан бері арызын айтып, бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған. Тіпті Елордаға хат жазып, Үкіметтен көмек сұраған. Ал 16 млн теңгеге жөнделген үйді сараптамадан өткізген «Шымкент тұрғын үй» МКК мамандары құрылыстың сапасыз жасалғанын растап отыр.
Сала мамандарының айтуынша, Жаңғырту бағдарламасы басталған 2011 жылдан бері Шымкент қаласында 135 үй жөнделген. Соның 22-сі сапасыз деп танылған. Ал екі үйді жөндеген мердігерлердің құжаттары сотқа тапсырылған. Есесіне, мемлекеттен жұмсалған қаржыны ай сайын тұрғындар төлеп, қалталары қағылып отыр.
Нұрлан Күдерұлы