Ауыздарын тігіп, шеге жұтқан: Түркістан облысындағы тұтқындардың наразылық нотасы

79

Сотталғандар колонияда мекеме қызметкерлері оларды ұрып-соғып, жазалаймыз деп қорқытқанын айтты. Наразы топ видеоны телефондарына түсіріп алып, кейін туыстарына жіберген. Одан әрі жағдайды зерделеуді сұрап, материалдар редакциямызға жолданды. Кадрларда кейбір сотталғандар денсаулығының нашарлағанын, медициналық көмектің жоқтығын айтып, ұрып-соғып жатқанын көрсетеді.

«Мені ұрды, бетіме ұрды. Бұлар қалған көгерген жерлер. Кешке қасықты жұтып қойдым, ішімде жатыр. Мен аштық жариялаймын деп аузымды тігіп қойдым. Бірақ кейін олар тігістерді күштеп алып тастады. Тиісті органдардан шара қолдануын сұраймын», – деді тұтқын.

Қылмыстық-атқару жүйесінің жергілікті департаменті сотталғандардың өзін-өзі жарақаттау фактісін растады. Сондай-ақ оларға медициналық көмек көрсетілгенін атап өтті. Сотталғандардың іш қуысынан бөтен заттар операция арқылы шығарылды. Алдын ала мәлімет бойынша, тұтқындар мекемедегі режимді бұзғаны үшін жазадан құтылу үшін қасақана наразылық акциясын ұйымдастырған. Бұл адамдар ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазасын өтеп жатыр. Соған қарамастан, сотталғандардың мәлімдемесіне сәйкес, тәртіп сақшылары тергеу жүргізіп жатыр.

«Айта кететін жайт, аталған сотталғандардың мінез-құлқының теріс дәрежесі бар және жедел жағдайды тұрақсыздандыру және мекеме әкімшілігіне қысым көрсету мақсатында мұндай әрекеттерді бірнеше рет жасаған. Жоғарыда аталған барлық фактілер бойынша жедел-тергеу тобы шақырылды, сотталғандардың арыздары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 16 ақпанда мекемеге ПМК өкілдері келіп, сотталғандармен әңгімелесу қорытындысы бойынша мекеме әкімшілігінің атына шағымдар мен арыздар жоқ деген қорытынды берді», – дейді  Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің бастығы Бағдат Әсілбеков.